Қазақстан жолдары: Сала мен сапа

9 Желтоқсан 2021, 13:06
4246
Бөлісу:
Қазақстан жолдары: Сала мен сапа
PHOTO
Фото: автордан

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Биыл Тәуелсіздіктің 30 жылдығы мерекеленеді. Бұл барлық сала бойынша көрсеткішті бағамдап, нәтижелерді саралайтын меже іспеттес. Осы орайда Қазақстан жолдарының 30 жылдағы жағдайы мен ірі жобалар жайлы баяндап беруді жөн көрдік.

Индустрия және инфрақұ­ры­лымдық даму министрлігінің рес­­ми мәліметінше, Қазақстан­да­ғы автомобиль жолдарының же­­лісі 157 мың шақырымды құ­­­райды. Оның 25 мың шақы­ры­­мы – республикалық, 132 мың ша­­қы­­рымы – облыстық және аудан­­­дық маңызы бар жолдар.

Ақылы жолдар – дамудың бастауы

«Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасын іске асыру аясында биыл республикалық маңызы бар автожолдардың 5,8 мың шақырымына ақылылықты кезең-кезеңмен енгізу көзделген. Аталған жүйені биыл маусым айында іске қосу жоспарланған болатын. Алайда тасымалдаушылар тарапынан наразылықтың көптеген фактілері орын алды. Олардың негізгі талабы – жолдарды тиісті жағдайға келтіру болғандықтан, ақылылықты енгізу ағымдағы жылдың күзіне ауыстырылды.

Қазақстан жолдары: Сала мен сапа

Осы уақыт ішінде Автомобиль жолдары комитетінің «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ, «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» РМК қызметкерлері, Көлік комитетінің көліктік бақылау инспекциясы учаскелерде комиссиялық тексеруді жүзеге асырды. Оның қорытындысы бойынша бірқатар іс-шаралар айқындалып, жабындыны нормативтік жағдайға келтіру бойынша жұмыстар жүргізілді.

Ұзындығы 5,8 мың шақырым болатын учаскелерде ақылылықты кезең-кезеңмен енгізу жоспары әзірленді:

Биылғы 5 қарашада ақылылық жалпы ұзындығы 1,8 мың шақырым болатын, 4 жолақты қозғалысы бар бірінші санаттағы республикалық маңызы бар автожолдардың 7 учаскесінде енгізілетін болады.

Бұл келесідей учаскелер:
- «Нұр-Сұлтан – Павлодар»;
- «Қапшағай – Талдықорган»;
- «Тараз – Қайнар»;
- «Шымкент – Тараз»;
- «Шымкент – Қызылорда»;
- «Шымкент – Ташкент»;
- «Щучинск – Көкшетау».

Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Берік Қамалиев жолдардың ақысы 2013 жылғы деңгейде қалатынын айтты.

Жылдың соңына дейін 1,8 мың шақырым болатын I категориялы учаскелерде ақылы төлем жүйесін кезең-кезеңмен енгізу жоспарланған. Қазіргі уақытта дайындық жұмыстары мен ақауларды жою шаралары жүргізіліп жатыр. Бірінші категориялы жаңа ақылы учаскелерде жүру үшін төлем тарифтерін 2013 жылғы деңгейде қалдыру көзделген, - деді ол.

Қамалиев атағандай, автомобиль жолдарының әрбір ақылы учаскесінде қолданыстағы баламалы бағыттар, оның ішінде жергілікті маңызы бар жолдар бар.

Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, «ақылы жолдарды енгізу – жалпыәлемдік тәжірибеге сәйкес келетін дұрыс шешім». Ақылы автожолдарды нормативтік күтіп ұстау енгізілуде, аталған жүйе шығындарды толық көлемде жабуға және республикалық бюджетке жүктемені азайтуға мүмкіндік беретінін баса атап өткім келеді. 2025 жылға дейін ақылылық жүйесін республикалық желідегі автомобиль жолдарының 11 мың шақырымына енгізу көзделген, - деді Қамалиев.

Берік Қамалиев атағандай, бүгінде ақылы жолдардың саны 4-ке жетті.

Оның жалпы ұзындығы 682 шақырымды құрайды. Тариф 2013 жылы бекітілді. Олар өзгермейді. Мысалы, Ресейде жеңіл көлік 7 теңге, жүк көліктері 7-55 теңге төлейді. Еуропада бұл көрсеткіш одан да жоғары, - деді Берік Қамалиев.

Ол атағандай, жол-құрылыс жұмыстарымен 8,4 мың шақырым қамтылған.

Оның ішінде республикалық желі бойынша 5 мың шақырым, соның 3,6 мың шақырымы реконструкциямен, 1,4 мың шақырымы жөндеу жұмыстарымен қамтылды, - деді ол.

Елордадан Алматыға апарар жол

Мемлекеттік бағдарлама аясында салынып жатқан ең ауқымды жобалардың бірі - «Орталық-Оңтүстік» бағыты. Елордадан Балқашқа дейінгі жол да осы бағытқа кіреді. 

«Нұр-Сұлтан – Балқаш»

Елордадан Қарағандыға шыққан бетте «Нұр-Сұлтан-Теміртау» бекеті күтіп алады. Себебі бұл бағыттағы жол l санатқа жатады. Яғни, ол - ақылы. 

Осыған дейін Балқаш бағытына бара жатқан барлық жүк көлігі мен жолаушылар Қарағанды арқылы өтуге мәжбүр еді. Қазір қалаға кірмеуге мүмкіндік беретін айналма жол ашылған.

Қарағанды қаласы «Солтүстік-Шығыс айналма жолы» жобасының үйлестірушісі Али Четкиннің айтуынша, 48,3 шақырым жолды салу үшін 3 жыл уақыт кеткен.

Қазақстан жолдары: Сала мен сапа

«Солтүстік-Шығыс» айналма жолының салынуына мемлекеттік бюджеттен 35 млрд теңге ақша жұмсалды. Мемлекетке үнемделген 8 млн теңге қаражат қайтарылды. Бұл жолдың салынуы жүк көліктерінің транзит жүктемесін азайтты. Жол қазақстандық стандарт бойынша салынды. Құрылыс жұмыстарына мамандардың 5-6%-ы ғана шетелден тартылды. Егер жолдың қамтылуы жақсы болса, ол 50 жылға дейін қызмет етеді, - деді Четкин. 

Сондай-ақ «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында «РФ шекарасы -Алматы» құрылысы жүзеге асырылып жатыр. 

Қазір жалпы ұзындығы 363 шақырым болатын «Қарағанды-Балқаш» бағыты бойынша құрылыс жүргізіліп жатыр. Оны іске асыру мерзімі - 2019-2023 жылдар.

Жолдың ортасында екі жақ жолақты бөлетін кедергілер орнатылады. 

Қарағанды облыстық филиалы директорының орынбасары Сырым Хамзиннің айтуы бойынша, «Оңтүстік-Орталық» бағыты аясында 8 учаскеде құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Қазір барлық учаскеде құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр. Құрылыс жұмыстары 2019 жылдың маусым айында басталды. Жоспар бойынша жөндеу жұмыстары 2023 жылы аяқталады. Ал биыл жаңа қабат бойынша қозғалысты бастау көзделіп отыр, - деді Хамзин.
«Қарағанды-Балқаш» бағытындағы 20 демалыс орнында 15 жылы дәретхана салу жоспарланған.
Қазір ол жобалық-сметалық құжатқа енгізіліп жатыр. Келер жылдан бастап оның құрылысын бастаймыз деп ойлаймыз. Сондай-ақ шағын және орта бизнесті демалыс орындарында өз кешендерін салуға инфрақұрылым жүргіземіз. Әр 50 шақырым сайын жылы дәретхана салынады, - деді Хамзин.

«Балқаш-Бурылбайтал»

«Балқаш-Бурылбайтал» бағыты 288 шақырым жолды құрайды. Бұл учаске бойынша құрылыс жұмыстары 2019 жылы басталған. 

«Балқаш-Бурылбайтал» жобасының бір бағыты бойынша 120 шақырым жол жөнделіп біткен.

Осы жылы бағыттың 50 пайызын ашылады. Қалғаны келер жылға қалады. Осындай 6 учаскеде 1300 маман мен 734 техника жұмыс істеп жатыр. Мамандар саны әлі де көбейеді. Себебі келісім енді орнатылды. 

Қазақстан жолдары: Сала мен сапа

Осы бағыттағы жолды қаржыландырудың 85 пайызы Дүниежүзілік банкке, 15 пайызы Қазақстанға тиесілі. Жобаның құны құбырлар мен желілерге қатысты өзгереді. Жолдарды қамту 2 жыл бойы мердігер компанияның жауапкершілігінде болады. Бұл жолдың қызмет ету мерзімі 20 жылды құрайды. Қазақстанда жолдар отандық стандарт бойынша төселеді. Алайда жобаны жүзеге асыру мен жаңашылдықтар халықаралық стандарттарға сай келеді. Қазақстанда құрылыс мерзімі өте қысқа. Қысқы мерзімде жөндеу жұмыстарын жүргізу мүмкін емес. 

«Мерке-Шу-Бурылбайтал»

«Мерке-Шу-Бурылбайтал» - Жамбыл облысының маңызды жол жобасы. Бұл бағыт «Оңтүстік-Орталық» дәлізінің құрамына кіреді. Автожол Тәтті, Шу, Айдарлы, Бірлік, Хантау және Бурылбайтал мекендерін басып өтеді. Жол салынып біткен соң өңірдің көліктік әлеуетін арттырады. 

Жалпы «Мерке-Бурылбайтал» учаскесі оңтүстік өңірлерді орталықпен байланыстырып, елордаға апарады. Құрылыс жұмыстары 2019 жылы басталды. 2018 жылы біз автожолды жобалауды толық әзірледік. Жолдың жалпы ұзындығы - 262 шақырым.

Қазақстан жолдары: Сала мен сапа

«Мерке-Шу» учаскесінде қозғалыстың 4 жолағы бар. Ол I Б техникалық категориясына сәйкес келеді.

«Шу-Бурылбайтал» учаскесінде қозғалыстың 2 жолағы бар. Ол II техникалық категорияға сәйкестендірілді. Жобаның құрылысына 2 мердігер компания жұмылдырылған. Олар: Қытайдың «Синь-Синь» құрылыс және дамыту компаниясы мен «АБК Автодор-НС» ЖШС бар консорциумы. Негізгі төрт учаскені жүзеге асыруға 89 млрд теңге қарастырылған. Қазір «АБК Автодор-НС» ЖШС құрылыстың 70 пайызын орындады. Ал «Синь-Синь» құрылыс және дамыту компаниясы жұмыстың 50 пайызын әзірледі. Жасанды құрылымдар құрылысының 90 пайызы аяқталды. Биыл 2 учаскені аяқтауды жоспарлап отырмыз. Жоба 2022 жылы толық аяқталады.

Жоба келісімшарт бойынша 2022 жылға дейін аяқталуы керек. Қазіргі таңда біз асфальт төсеу мен жасанды ғимараттарды жасау жүзеге асырылып жатыр. Құрылыс жұмыстары қазақстандық стандарттар мен талаптар аясында жүргізіліп жатыр. І I учаскеде 53 қытайлық, 600 қазақстандық маман жұмыс істейді. Техника 300 дананы құрайды.

Арманға айналған - Үлкен алматы айналма жолы

«Үлкен Алматы айналма жолы» автомобиль жолы - Қазақстан тарихындағы ең ірі мемлекеттік-жеке меншік сектордың қатысуымен басталған инфрақұрылымдық жоба. Бүгінде жоба бойынша құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр.

ҮААЖ жобасы аясында 66 шақырым жолдың құрылысы жоспарланған.

Бұл толығымен жаңадан салынған жол болады. Мердігер компания 2018 жылы ИИДМ мен 4 компанияның концессиялық келісімшарты аясында құрылды.

Оның құрамына 2 корей және 2 түрік компаниясы кіреді. Олар: Алсим Аларко (Түркия), Макйол (Түркия), ЭсКей Инжиниринг и Констракшн (Корея), ЭсКей Экоплант (Корея).

ҮААЖ жобасын салу бойынша келісімшартқа 2018 жылы қол қойылды. Алайда концессияның келісімшарт талаптары бойынша біз алдымен құрылысқа қаражатты жинау керек еді. Алайда компания мерзімді күтпей, жеке қаражатына 2019 жылы құрылысты бастап кетеді. Бүгінгі таңда жұмыс қарқынды жүріп жатыр, - деді Айман Жанұзақова.   
66 шақырымның 13 шақырымы 4 жолақты болса, қалғаны 6 жолақты болады. 

Яғни, бұл I санаттағы автомагистраль болады. Оның есептік жылдамдығы сағатына 150 шақырымды құрайды. Жол ақылы болмақ. Жоба аясында 38 көпір салынады. 7 жолайрық пен 114 жасанды құрылым бар. Аталған жолға тек арнайы жолайрықтар арқылы ғана өтуге болады. Келісімшарт бойынша біз құрылысты басталғаннан кейін 50 ай ішінде аяқтауымыз керек. Қаржыландыру 2020 жылдың тамызында аяқталды. Яғни, құрылыс 2024 жылдың қазанында тапсырылуы керек. Құрылыс аяқталған соң келісімшарт талабы бойынша мердігер компания 16 жыл бойы жолды қамтамасыз етуі керек.

Алматы облысы бойынша 725 шақырым жолда қайта жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. «Құрты-Бурылбайтал» бағыты бойынша 81 шақырым салынды. 

Барлық жасанды құрылымдарды жүзеге асыру әр кезеңде тұр. Кейбіреуі аяқталуға жақын болса, кейбір нысандар енді басталып жатыр. Ең қиыны жер жұмыстарынан шығып, қазықтарды орнату болып есептеледі. Барлық көпір қазір осы кезеңде тұр. Құбырлар бойынша да жұмыстың көп бөлігі аяқталды. Ал жолдың құрылысы мен асфальт төсеу бұларға қарағанда әлдеқайда жеңіл жүреді. Сондықтан көп уақыт пен күшті алатын - ол көпірлер мен құбырларды салу. 

«Алтын орда» мен Шамалған стансасы жанындағы айналма көпірлер

Алматы облысында «Алтын орда» базары мен Шамалған стансасының маңайында айналма көпірлер салынып жатыр. Ол көпірлер қаладағы көлік жүктемесі мен кептелісті азайта түседі.

«Ұзынағаш-Отар» бағыты бойынша 63 101 шақырым автожол бар. Автожолды қайта жөндеу жұмыстарын бас мердігер «Қазавтоқұрылыс» ЖШС жүргізіп жатыр. Жөнделіп жатқан жолдың жалпы ұзындығы 37,7 шақырым. Бүгінгі таңда барлық жұмыстың 80 пайызы орындалды. Жол жабындысы бойынша бір бағыттағы қозғалысты жақын арада ашу жоспарланып отыр. Жалпы жоба жоспар бойынша жүзеге асырылып жатыр. Жыл соңына дейін оны пайдалануға беру көзделіп отыр.

Қазақстан жолдары: Сала мен сапа

Шамалған станциясы маңайында айналма жол салу шешімі қабылданды.

Құрылыс нысанының ұзындығы 6 шақырымды құрайды. Бұл құрылыстың негізгі нысаны теміржол арқылы өтетін ұзындығы 350 метрді құрайтын үлкен көпір болып есептеледі. Бүгінгі таңда бетон салу бойынша ауқымды жұмыс атқарылып жатыр.

54 мың текше метр бетонның 46 мың текше метрі аяқталды. Бұл нысанның ерекшелігі - «келлер» технологиясының пайдалануы. Құрылыста кейбір қиындықтар бар.

Осыған дейін шамалғандықтар теміржолдағы қозғалысқа қатысты көлік жүретін жолда кептеліс көп болатынын айтқан.

Қазақстан жолдары: Сала мен сапа

Жобалық-сметалық құжатнама бойынша жобаның құны - 11 млрд 500 млн теңге. Бүгінгі күнге дейін 7 млрд теңге игерілді. Қалған 4 млрд теңге жоба соңына дейін жұмсалады.

«Жақсы жолдан –жарқын өмірге»

2021-2025 жылдар аралығында автожол саласында республикалық маңызы бар 12 мың шақырым автожол салынып, реконструкцияланады. Жыл сайын 200 мың адам жұмыспен қамтылады.  

Жыл қорытындысында 768 шақырымдық «Талдықорған-Өскемен» учаскесін реконструкциялауды толық аяқтау жоспарланған. Бұл — Орта Азия республикаларын Ресейдің Шығыс-Сібір аймағымен және Қазақстанның оңтүстігін шығыспен байланыстыратын халықаралық транзиттік дәліз. Осы автожолдың Алакөл көлінің туристік кластерін дамытуда маңызы ерекше, — деді Б. Атамқұлов.

2025 жылға дейін барлық жол Ұлттық стандарттарға сәйкес келетін жол бойындағы қызмет көрсету нысандарымен қамтамасыз етіледі. Жол бойындағы қызмет көрсету нысандары бойынша талаптар бекітілген. Оларды дамыту жұмыстарын «ҚазАвтоЖол» Ұлттық компаниясы жүргізіп жатыр.

Жыл сайын өңірлерде жергілікті атқарушы органдармен және «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп қызметтердің барлық спектрін көрсететін жаңа заманауи нысандар салынады, қазір қолданыстағы нысандар халықаралық стандарттардың талаптарына сәйкес келтірілуде.

Бүгінгі таңда республикалық автомобиль жолдары бойында 1854 қызмет көрсету нысаны жұмыс істейді. Оның ішінде 1070 нысан ұлттық стандарт талаптарына сәйкес келеді. 

Б. Атамқұловтың айтуынша, Елбасының, Мемлекет басшысының тапсырмаларын және «Nur Otan» партиясының сайлауалды тұғырнамасында белгіленген міндеттерді уақтылы және сапалы іске асыру нәтижесінде 2025 жылға дейін:

-республикалық маңызы бар жолдардың 100%-ын және жергілікті маңызы бар жолдардың 95%-ын нормативтік жағдайға жеткізу;

-ақылы жолдардың ұзындығын 11,7 мың шақырымға дейін ұлғайту;

-республикалық автожолдарды ұлттық стандартқа сәйкес келетін жол бойындағы қызмет көрсету нысандарымен қамтамасыз ету;

-жыл сайын 310 мың жұмыс орнын құру жоспарланып отыр. 

 

 


Өзгелердің жаңалығы