Қарыздың жайы неге құпия?

14 Сәуір 2021, 16:05
1815
Бөлісу:
Қарыздың жайы неге құпия?

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстан халықаралық ұйымдардан қанша қарыз алды және қаржы қайда кетті? Бұл сұраққа қоғам да, Есеп комитеті де нақты жауап бере алмайды.

Бұл туралы Қазақстан Халық партиясының баспасөз қызметі хабарлады.

Қазақстан Халық партиясы тыйым салынған «қарыз» тақырыбын ашық етуге ниетті. Өйткені қазақстандықтар биліктің қарызы мен кепілдемелерін төлеуге мәжбүр болады. COVID-19-бен және экономикалық дағдарыстың салдарымен күресу үшін қарызға алынған миллиардтардың игілігін азаматтарымыз көрген жоқ. Бірақ мемлекет жеке міндеттемелер бойынша бюджет ақшасын төлеп отыр.

ҚХП депутаты Ерлан Смайловтың айтуынша, қазір біздің мемлекеттік қарызымыз шамамен 215,5 трлн теңгені немесе 51,2 млрд АҚШ долларын құрайды. Оның үстіне, тәжірибе көрсеткендей, мемлекет тек өзі үшін ғана емес, сонымен бірге өзгелер үшін де қарызды төлеп отыр. Депутат «Астана Горкоммунхоз» АҚ-ның қарызы бойынша 2021 жылы бюджет кредиторға 709,8 млн теңге бөлуге тиіс. Компания «елорданың экологиялық жағдайын жақсарту және қалдықтарды кәдеге жарату мақсатында» 20 жыл бұрын қарыз алған.

Бүгінде бұл кәсіпорын жоқ. Экологиялық жағдай мен қалдықтарды кәдеге жарату жағдайы туралы елорда тұрғындарынан олардың қаншалықты қанағаттанғанын сұраған дұрыс, – дейді ол.

Бізде әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізуге де Дүниежүзілік банктен 90 млн АҚШ доллары көлемінде қарыз алынды.

МӘМС жүйесі тиімсіздігін және қазақстандықтардың сұраныстарына толық сәйкес еместігін өткен жылы COVID-19 пандемиясының шарықтау шегі кезінде көрсетті. Бұл жағдай қазір де өзгере қойған жоқ, – деді мәжілісмен.

Сондай-ақ пандемия кезеңінде ел Үкіметі Азия даму банкінен 1,5 млрд еуро сомасына екі қарыз ресімдеді. Ол пандемияның экономикалық салдарын жұмсарту үшін алынды. Бұл ақшаның қайда жіберілетіні туралы ақпарат жоқ. Халық жағдайдың жеңілдетілгенін де сезінбей отыр. Осыдан келіп заңды сұрақ туындайды: бұл несиелердің нақты нәтижесі қандай?

Осындай «шығындардан» кейін, Үкімет халықтың табысын арттыру туралы ұсыныстарға (бюджет қызметкерлерінің жалақысы, мүгедектігі бойынша және бала күтімі бойынша жәрдемақылар, зейнетақылар мен шәкіртақылар) ақша жоқ деп жауап береді! Егер таратылған кәсіпорын мен шешілмеген мәселелер үшін 2001 жылғы несиенің қарызын өтеп жатсақ, әлбетте, халықтың табысы өспейді! – деді депутат.

Қазақстан Халық партиясы фракциясының депутаттары мемлекеттік борышты (сыртқы және ішкі) басқарудың мемлекеттік стратегиясын құруды ұсынды. Сондай-ақ қарыз тартудың ашықтығы мен анықтығын қамтамасыз ету және олар туралы ақпаратты ашық көздерде жариялау жөнінде нақты рәсімдер әзірлеу қажет екенін мәлімдеді. Азаматтық қоғам несие тарту туралы шешім қабылдауға белсенді қатысуы керек. Ал алынған ақшаның жұмсалуын бақылауды құзыретті органдар да, қоғам да, БАҚ та бақылауда ұстағаны абзал. 


Өзгелердің жаңалығы