Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. 2020 жылы 19 наурыз күні 00:00 сағаттан бастап Нұр-Сұлтан қаласы мен Алматы қаласы карантиндік режимге жабылды.
Бұл режим тікелей мемлекеттік комиссияның шешімімен қабылданды.
Нұр-Сұлтан мен Алматының айналасындағы көлік пен адам қозғалысын шектеу үшін арнайы блокпосттар орнатылды.
Елордада 6 қадағалау бекеті, Алматыда 27 қадағалау бекеті орнатылды. Қалаларда санитарлық-эпидемияға қарсы шаралар күшейтілді.
Бас прокуратура карантин кезінде тәртіп бұзғандар 26 510 теңгеге (10 АЕК, 1 АЕК - 2651 теңге) көлемінде айыппұл төлейтінін немесе 15 тәулікке қамауға алынатынын ескертті.
Ал билік өкілінің талабын орындамағандар 5 миллион 302 мың теңге (2000 АЕК) айыппұл төлеуі немесе 2 жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Азық-түлікке жатпайтын тауар базарларын, азық-түлік пен дәрі-дәрмек сататын нысандарды қоспағанда, ірі сауда-ойын сауық орталықтары мен сауда үйлерінің жұмысы уақытша тоқтатылады.
Ал әуе рейстері мен теміржолдар 22 наурыздан бастап толық тоқтатылады.
Бұған дейін ҚР Президенті жанындағы ТЖ режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссия биылғы 19 наурыздан бастап, Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында карантин режимін енгізетінін жазған болатынбыз.
Сонымен қатар, карантин кезінде екі қалаға кімдер кіре алатынын, қандай шектеулер қойылатыны және Нұр-Сұлтан мен Алматыға келіп-кететін пойыздар туралы хабарланды. Сондай-ақ, карантин кезінде қала маңындағы елді мекен тұрғындары қандай жағдайда қалаға кіре алатындығы туралы да айтылды.