Карантин кезінде кәсіпкерлерге қолдау жасалады – Алматы әкімдігі

18 Наурыз 2020, 11:50
2185
Бөлісу:
Карантин кезінде кәсіпкерлерге қолдау жасалады – Алматы әкімдігі
Фото: автордан

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Карантин кезінде зардап шеккен кәсіпкерлер үшін қосымша қолдау жасалады. Әсіресе олардың несиесін шегеру бойынша көмек көрсетіледі. Бұл туралы Алматы қаласы әкімінің орынбасары Сапарбек Тұяқбаев онлайн-брифинг кезінде айтты.

Сонымен қатар ол, карантин кезінде азық-түлік емес сауда орындарының барлығы жабылатынын, оның ішінде сауда орталықтары мен үйлері түгелдей жұмысын тоқтататынын айтты. 
Азық сататын дүкендер тоқтаусыз жұмыс істейді. Қала азық-түлікпен толықтай қамтылады. Ол үшін арнайы жұмыс штабы құрылды. Қазір қалаға азық-түлік жеткізетін кәсіпорындармен келісімдер жүріп жатыр. Қалаға тауар жеткізіп жүргендер үшін қалаға кіруге рұқсат беріліп, арнайы жасыл дәліз құрылады, - деді әкімнің орынбасары. 

Сондай-ақ ол, қаладағы мейрамханалардың барлығы жабылатынын, тек тапсырыс қабылдап, үйге жеткізіп берумен айналысатынын айтты. 
Бұл бағытта мейрамханаларды бізді қолдауын сұраймыз, яғни толық жабылмай тапсырысты үйге жеткізіп берсе деген ұсынсымыз бар. Сонымен қатар, онлайн-дүкендермен де сөйлестік, қазір олар жұмыс күшін арттырып, тапсырыстарды үйге жеткізіп беруге барын салып жатыр, - деді ол.
 
Сөз арасында ол қалаға жақын елдімекендерден келіп жұмыс істейтіндер жайлы да айтып өтті.
Көптеген кәсіпорындар жұмысшыларының Алматы облысынан қатынап жұмыс істейтінін айтып жатыр. Бұл тұрғыда біз оларды демалысқа жіберуді сұрадық, сондай-ақ мүмкіндік болса қалада уақытша орналастыруға көмектесуге әзір екенімізді білдірдік. Бұл мәселені кешке дейін шешеміз деген ойдамыз, - деді С. Тұяқбаев. 

Әкім орынбасары сондай-ақ қаладағы дәріханалардың барлығы штатты режимде жұмыс істейтінін, дәрі-дәрмек бойынша әзірге тапшылық жоқ екенін айтты.
Дегенмен фармкомпаниялармен келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Оларда қазір дәрілердің қоры бар. Сондай-ақ қаланы бетпердемен қамтамасыз ету үшін орталықтағы 48 дәріхана анықтап алынды. Оларға күнделікті 80 мыңға жуық бетперде жеткізіліп отырады. Бұл дәріханалар қаланың барлық ауданында орналасқан. Бір ретті 3 қабатты бетперде 87 теңгеден, үшбұрышты бетперделер 111 теңгеден жеткізіледі. Бұл бағаларды қатаң бақылап отырамыз, егер бағаны көтерген жағдай болса тиісті шара қолданамыз, - деді ол.


Өзгелердің жаңалығы