Бас жаңалықтар
Қарағанды облысында жарты миллион қойға арналған мегаферма салынады
02 Наурыз 2021, 07:24 753

Қарағанды облысында жарты миллион қойға арналған мегаферма салынады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қарағанды облысында 2026 жылға дейін 500 мың басқа арналған қой шаруашылығы мегафермасын салу жоспарлануда. Екінші кезеңде қуаттылығы жылына 8 мың тоннаға дейін қой етін қайта өңдеу зауытын салу көзделіп отыр. Бұл туралы АӨК саласындағы инвестициялық жобалар туралы өткен аппараттық кеңесте айтылды.

Құны 20 млрд теңге болатын ауқымды жобаны «QAZAQ STEPPE SHEEP» ЖШС Ақтоғай және Шет аудандарында жүзеге асырады.
АӨК саласында оң динамика байқалады. Соңғы бес жылда ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 1,7 есеге артты. Ауыл шаруашылығындағы негізгі капиталға салынған инвестициялар үш есеге жуық өсті. 2017 жылдан бастап 2020 жылға дейінгі кезеңде 30,1 млрд теңгеге 57 жоба іске асырылды. Қазіргі уақытта АӨК саласында жалпы сомасы 41,1 млрд.теңгеге 36 инвестициялық жоба іске асырылуда, оның ішінде он жоба кәсіпкерлікті қолдау картасына енді, – деп хабарлады ауыл шаруашылық басқармасы басшысының міндетін атқарушы Асқар Санаубаров.

Оның айтуынша, 2021 жылдың қорытындысы бойынша өңірде ауыл шаруашылық өнімдерін шығару 6,5%-ға артады деп болжануда. Қаңтарда өсім 2,3%-ды құрады.

Мал шаруашылығын дамыту бойынша үлкен жоспарлар бар. Биыл үш жаңа сүт-тауар фермасы іске қосылады деп күтілуде.

Ақтоғай және Шет аудандарында шалғайдағы мал шаруашылығын дамыту жөніндегі жобаны іске асыру 1 500 жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді.

2020 жылы инвесторлар 1 600-ге жуық қой сатып алып, екі ферма құрған. Биылғы жылы 18 ферма құру жоспарланған, олар үшін ішкі нарықта 11 мыңға жуық қой сатып алу керек.

Жаңаарқа ауданында сиыр еті мен жылқы етін өндіруге арналған ірі мал шаруашылығы кешенінің құрылысы жоспарлануда. Жезқазған мен Нұра ауданында инвесторлар тауық етін өндіру үшін құс фабрикаларын салуды көздеп отыр.

Асқар Санаубаров өсімдік шаруашылығының әлеуеті туралы да айтып берді. Биыл егіс алқаптарын 40 мың гектарға ұлғайту жоспарланып отыр, жалпы алғанда дәнді дақылдар, картоп және көкөніс алқаптары 1 058 мың гектарды құрайды.

Суармалы жерлер көп болады. Шаруашылықтар алты жаңа жаңбырлатқыш қондырғысын сатып алуды көздеп отыр.

Бұқар Жырау ауданында 410 га алаңда жем-шөп дақылдарын өндіру бойынша жобаны іске асыру жоспарлануда, ауыл шаруашылық жануарларының азығына қосуға арналған шөп ұнын түйіршіктеу желісі іске қосылады.

Жиында айтылғандай, облыста 126 көкөніс қоймасы жұмыс істейді. Тағы екі үлкен қойманы іске қосу жоспарлануда. Жобалар Абай және Шет аудандарында жүзеге асырылады.

АӨК-не инвестициялар тарту басым бағыттардың бірі болып табылады. Біз ауыл шаруашылығының өнімділігін арттыру үшін жағдай жасауымыз керек. Бұл біздің облыстың ғана емес, елорданың азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға мүмкіндік береді, – деп атап өтті өңір басшысы Жеңіс Қасымбек.



Фото: ашық дереккөз
Загрузка...