Қаланың коммуналды саласын цифрландыратын iShymkent порталы болады – Әсет Әбдіраханов

24 Маусым 2021, 19:07
5011
Бөлісу:
Қаланың коммуналды саласын цифрландыратын iShymkent порталы болады – Әсет Әбдіраханов

Шымкент қаласы, BAQ.KZ тілшісі. Шымкент қаласы республикалық маңызы бар қала мәртебесіне ие болып, мегаполистер қатарына қосылғалы цифрландыру ісі қарқын алды. Әлемнің ақылды қалалары санатына қосылуды көздеген шаһарда цифрландыру жұмыстары жан-жақты жүргізіліп жатыр. Сонымен Шымкент қаласын цифрландыру жоспары қалай орындалып жатыр? Шымкентті ақылды қалалар санатына кіргізу үшін не істелуі керек? Ақылды қалалар стандарты дегеніміз не? Жалпы Шымкентте цифрландыру неден басталады? Осы және тағы басқа сұрақтарға Шымкент қаласы Цифрландыру басқармасының басшысы Әсет Маратұлы Әбдіраханов жауап берді.

— Шымкент қаласын цифрландыру саласында қандай жаңалықтар болып жатыр?

— Ең басты мақсатымыз – ақылды қалалар санатына кіру. Соны эталон стандарты деп атаймыз. Біз өткен жылдан бастап, арнайы цифрландыру инфрақұрылымын құрдық. Әкімнің төрағалығымен арнайы жол картасын әзірледік. Әуелі ең өзекті мәселені айтайын. Бұл – интернет саласы. Интернетсіз қала тұрғындарының жұмысы, оқуы тоқтап қалатыны анық. Өздеріңіз білесіздер, өткен жылы жалпы қашықтан оқу басталды. Бірқатар қиыншылық туындады. Сонымен бірге интернет байланысына біраз сын айтылды, сынақтар болды. Қала әкімнің тапсырмасына сәйкес дер кезінде жұмыс басталды. «Қазақтелеком» компаниясы мобилді байланыс операторлары тарапынан жұмыс қызу жүрді. Нақты айтар болсам, 2014 жылдары Төлеби, Ордабасы, Сайрам аудандарының бірқатар елдімекені Шымкент қаласы аумағына қосылды. Былтыр сол елдімекендерде интернет желісі мүлдем істемей тұрды. Осы мәселені дер кезінде шешу үшін 11 тұрғын алабы бекітілді. Тікелей министрлікке қарайтын арнайы аумақаралық инспекциясы арнайы құрылғылармен зерделеп, бізге орындарын анықтап берді. Біз де сол кезде механизмін, инвстор таптық. Shymkent әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы, инвестор және мобилді байланыс оператор тарапынан 3 жақты келісімшартқа отырдық. Осылайша әкімшілік тарапынан жер берілді, инвестор антенна орнатты, мобилді байланыс операторлар базалық станцияларын орнатты. Сол жұмыстардың арқасында Көкбұлақ, Ақжайық сынды тұрғын алабында мобилді интернеті жақсарды. Осы жылдың жоспарында тағы 14 тұрғын алабына антенна қою жұмыстарын жүргіземіз. Мобилді интернет дегеніміз – бұл мәселені тез шешудің жолы. Ал біздің негізгі мақсатымыз – барлық қала тұрғындарын сапалы интернет желісімен қамту. Бұл үшін ең алдымен сым тартуымыз керек. «Қазақтелеком» компаниясы тарапынан биылдың жоспары бар. Жоспар бойынша, олар қазір жаңадан соғылып жатқан көпқабатты тұрғын үйлерге тартып жатыр. Тұран, Шымкент сити, Қайтпас, Самал-1, Самал-2, Самал-3 шағынаудандары жаққа жұмыстарын жүргізіп жатыр. Қала үлкен, халық саны көп. Сондықтан қала әкімінің тапсырмасына сәйкес инвесторлармен жұмыс бастадық. Бүгінде 3 инвестор сапалы интернетті жүргізу бойынша жұмыс істеп жатыр. Ақжайық, Тассай, Таскен тұрғын алабында 2 инвестор сапалы кабелдер жүргізіп, интернетке қосып жатыр. Бұл жұмыстарды инвестор өз қаражатына істйді, ал әкімдік тарапынан тек қана қолдау көрсетіледі. Мысалы кабель жүргізген кезде олар біздің энергетика басқармасынан рұқсат алады. Сол рұқсаттарын тез-тез алып беріп, жұмысты бастап кетті. Енді қаланы 100 пайыз сапалы интернетпен қамту үшін 60-қа жуық шағынаудандар мен тұрғын алабында жұмыс жүргізуіміз керек. Бұл үшін де біз ірі инвесторды тарттық. «Фишнет» деген қазақстандық компания. Олар 80 мың көпқабатты емес, жер үйге кабель тартып, 2021-2022 жылдары аяқтайды. Қазіргі таңда жұмыс басталған. Арнайы құрылғыларға тапсырыс беріліп, күтіп отыр.

— Шымкент қаласындағы жылжымайтын мүлік нысандарының толық кешенді электронды картасы әзірленіп жатыр ма, қашан дайын болады?

— Қазір жылжымайтын мүлік электронды картасы әзірленіп жатқан жоқ. Менің жеке пікірім – мұның қажеті жоқ деп ойлаймын. Біздің мүлік регистрі деп аталын мемлекеттік база бар. Қазір қаладағы нақты халық саны қанша және олардың қанша мүлкі бар, соны білмейміз. Сол үшін біз Астанадан арнайы рұқсат сұрап жатырмыз. Өзіміз білу үшін, ақпарат беруін сұрадық. Жылжымайтын мүлік бойынша арнайы жоспар жоқ, бірақ жүйе саласында арнайы геопортал құру жоспарда бар.

Қазір қандай жер бар, олардың қайсысы қызыл сызыққа өткен, инфрақұрылым жер бар ма, жоқ па, оны білмейді. Көбі архитектура басқармасына барады, таныстарына шығады, жер алайын деп жатыр едім, таза ма, емес па, көріп берші деген сияқты өтініш айтады. Осының бәрі халыққа ыңғайлы болу үшін ашық түрде кез келген адам геопорталға кіріп, қажет мәліметін ала береді. Бұл – бүкіл әлемде бар тәжірибе. Мысалы біз жердің астында не бар, қандай құбырлар бар, мұны білмейміз. Біздің қаламызда кеңес заманынан келе жатқан ескі құрылыстар бар. Мысалы көп жерде құрылыс жұмыстары жүріп жатқанда астынан құбыр шығып қалады. Мұндай жағдарлар біздің жер астында не бар екенін білмегенімізден туындап отыр. Сондықтан ең алдымен жер астын цифрландыруымыз керек. Біз бұл жобаны жыл соңына дейін аяқтауды жоспарлап отырмыз. Жұмыс басталды.

— Қай сала бойынша цифрландыру саласы жоғары деңгейде, сәйкесінше, қай салада деңгейі төмен?

— Иә, республика бойынша біздің білім саласы бірінші орында келе жатыр. Бұған әрине қуанамыз. Ал деңгейі төмен деп коммуналдық саланы айтар едім, өйткені көптеген проблема жеке кәсібіңіз болсын, жеке үйіңіз болсын, осы ТҮКШ саласынан кездеседі. Мысалы сіз бір пәтер алдыңыз, құжаттардың бәрін қолма-қол алуыңыз керек, келісімшарттарды қайта жасау керек. Коммуналды қызмет компанияларына барып, жүгіріп шығасыз. Мұның бәрі уақытты талап етеді. Ал уақыт дегеніңіз – ақша. Сондықтан бұл сала бойынша бізде шағым көп. Қазір Нұр-Сұлтан қаласының үлгісімен, қала әкімінің тапсырмасымен, iShymkent деген арнайы портал әзірлеп жатырмыз. Қазір айтып отырған қызмет түрлерін онлайн алуға болады. Ал онлайн негізде ала алмаған адамдарға арнайы Фронт офис ашамыз. Сол жерге дәлелдеме құжаттарымен келсе, Фронт офис қызметкерлері алып, оны тікелей коммуналды қызмет компанияларына жібереді. Жыл соңына дейін бұл мәселенің де шешімі табылады.

— Биыл цифрландыру саласына қанша қаржы бөлінді?

— Бізде iKomek деген орталық бар. Сол орталық пен басқармада жұмыс істейтін қызметкерлердің айлығымен қосқанда жалпылама цифрландыру саласына 400 миллионға жуық қаржы бөлінді. Мұның 200 миллионға жуығы дамуға бөлінген қаржы. Мұнда бір нәрсені түсіндіре кетейін. Мысалы, көлік саласында жұмыс істесек, олар өздері қаржыландырады, біз тек үйлестіруші боламыз. Сол сияқты тура жер саласы бойынша да жер қатынастары басқармасы жұмыспен айналысады, біз қадағалаушымыз. Геопорталды ашу үшін сол жерде жер маманы да міндетті түрде болу керек. Біз ақпараттық жүйе бойынша мынау дұрыс, мынау бұрыс, деп айта аламыз. Бірақ ол жерде ақпараттық технологиядан басқа салалық маман да болу керек. Білім ба, білім саласының маманы, денсаулық па, денсаулық сақтау саласының маманы болу керек деген сияқты. Әр басқармамен арнайы бағдарламаларын өткен жылы әкімнің алдында бекіттік. Осы тұста айта кетейін, біздің басқарманың басты мақсаты барлық басқармалармен жұмыс істеп, олардың жұмысын трансформациялау, яғни цифрландыру.

— Саябақтарда орнатылған «Ақылды күнбағыс» жобасы неге істемей тұр?

— Иә, it-hub жігіттері өткен жылы бұл жобаны ойлап тапқан. Ұсыныспен әкімдікке келген. Әкімдік тарапынан қолдау тауып, қаламыздағы адам көп шоғырланатын 30 жерге орнатылған. Өкінішке қарай, оларды орнатқан соң, аккумляторларын ұрлап кетті, сындырып кетті. Мұны вандализм деп айтамыз. Содан кейін вандализмге қарсы жүйе жасап, экрандардың барлығы алынып, аккумлятор тұрған жерін дәнекерледік. Қала әкімінен сын ескертпе алдық. Қазір бұзылған жері жөнделіп, ретке келтірілді. Биыл қосымша тағы 30 жерге орнатып жатырмыз, бірақ бұл – Ақылды күнбағыс емес. Оларды бағаналардың төбесіне орнатады. Тегін уай-файмен тұрады. Осылайша адамдардың қолы жетпейтін жерде орналастыруды жөн көрдік. Қазір Арбат, Наурыз алаңы, Назарбеков аллеясы сынды адам көп жүретін жерде орнаттық. Негізі тегін уай-фай да ды қалалардың эталон стандартына кіреді. Біз жыл сайын санын арттыруымыз керек. Бұл үшін құрылғыларымыз желге сынбайтын, жаңбырға су болмайтын, ыстық пен суыққа шыдайтын құрылғы болуы керек.

— «Ақылды аялдама» әзірге пилот жоба ретінде қойылған ба?

— Ақылды аялдама жобасы бойынша әлемдегі және Астана мен Алматы қалаларында атқарылған жұмыстардан тәжірибе алдық. Бұл жеке инвестор тарапынан қойылған аялдама. Біз Рысқұлов көшесіндегі Теріскей аялдамасына қойдық. Нәтижесінде көптеген кемшіліктер мен артықшылықтарды байқадық. Кемшіліктерді айтар болсам, қойылған салқындатқыш құрылғы есік қайта-қайта ашылғанына шыдамай жатыр. Сол үшін о жерге қуаттылығы сәл жоғары құрылғы қою керек екенін білдік. Есік ашылғанда адамдар қайта жабуды ұмытып кетеді де ашық күйінде қалып кетеді. Бұл да салқындатқыш құрылғыға зиянын тигізеіп, ашылған есікке резеңке қадап, өзі жабылатын етуді білдік. Сонымен қатар, аялдамаларды үлкен етіп жасау керек екен. Бұл да пилот жоба болған соң мұның бәрін біліп жатырмыз. Енді осыны ары қарай жалғастыру үшін мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жоба арқылы жалғастырғымыз келіп жатыр. Қазір бұл аялдамаларды сатып алу жоспарда жоқ болған соң осындай жеке компаниялар тарапынан көп жерден келісімін алу керек. Келісім бәрі беріліп істейтін болса бірінші кезеңде 50 аялдама қойылады. Ары қарай ақшасын қанша жылға келіскенімізге қарай төленеді.


Өзгелердің жаңалығы