Астана, BAQ.KZ тілшісі. Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі көпбалалы отбасыларға берілетін пәтерлердің құнын есептеді.
Үкімет үйінде өткен баспасөз мәслихатында министрлікке қарасты Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы Мархабат Жайымбетов әкімдіктерде 487 мың адам кезекте тұрғанын айтты. Олардың 28 мыңы – көпбалалы аналар.
«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, жеті жылда 42 мың, яғни жылына 6 мың пәтер салу көзделіп отыр. Осы мақсатта жылына 50 млрд теңге бөлінеді. Пәтер құны 8 400 мың теңгеден басталады. Бұл 60 шаршы метр. 1 шаршы метрі – 140 мың теңге», - деді Мархабат Жайымбетов.
Еске сала кетейік, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев әр балаға 21 мың теңге қалай төленетіні туралы айтқан еді. Сондай-ақ, ол осы жылдың 1 шілдесінен бастап болжам бойынша 1 миллион қазақстандықтың жалақысы көтерілетінін мәлімдеді.
Сонымен қатар, ведомство басшысы мемлекеттен жәрдемақы алу үшін қағаздарды азайту процесі қалай жүргізілетінін айтып берді.