Көпбалалы аналарға пәтерді жалға беріп, оны сатып алу мүмкіндігін жасаймыз – Сұлтанов

20 Ақпан 2019, 10:41
2448
Бөлісу:
Көпбалалы аналарға пәтерді жалға беріп, оны сатып алу мүмкіндігін жасаймыз – Сұлтанов

Астана, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Астана қаласының әкімі Бақыт Сұлтанов халық алдындағы есеп беру кездесуінде қала тұрғындарының баспана мәселесін шешу механизмі қарастырылып жатқанын айтты.  


«Негізгі есепті бастамас бұрын, жақында ғана күллі қазақстандықтардың қабырғасын қайыстырған қайғылы жағдайға қатысты бірер пікір білдірсем деймін. Бес бүлдіршіннің қазасы бәріміздің еңсемізді түсіріп, көңілімізге қаяу салды. Осы бір оқиға көпбалалы аналардың мәселесімен қатар, басқа да қордаланған әлеуметтік проблемалардың бар екенін көрсетті. Жасырмаймыз, қауіпсіздік тұрғысында жедел шешуіміз керек мәселелер бар. Ендеше, біздің басты міндетіміз – осы кедергілерді жою және мұндай қайғылы жағдайлардың қайталануына жол бермеу», - деді Сұлтанов.

Әкім қала тұрғындарының көпшілігін алаңдатқан баспана мәселесін шешу механизмін қарастырып жатқанын айтты. 

«Оның ішінде көпбалалалы аналарға пәтерлерді жалға беретін боламыз. Жалға беріп қана қоймай, оны бірте-бірте сатып алуына мүмкіндік жасаймыз. Яғни, енді ай сайынғы маңдай термен тапқан қаржыны пәтер иесінің қалтасына салмайды. Оны түбінде меншігіне өтетін өз шаңырағына құятын болады», - деді Астана қаласының әкімі.

Сұлтанов бұл мәселе қалай шешілетінін түсіндірді.

«Қала маңындағы ескі үйлер сүріліп жатыр. Олардың орнына заманауи талапқа сай, биік көпқабатты, айналасында мектеп-балабақшасы, емхана-дәріханасы және тағы да басқа әлеуметтік инфрақұрылымы қамтылған пәтерлер салынып жатыр. Яғни, көпбалалалы аналарды пәтермен ғана қамтып қоймай, бүгінгі күннің керегіне сай жағдайлармен қамтамасыз етеміз», - деді ол.

Назерке АБИБУЛЛА
Фото: Бауыржан ЖУАСБАЕВ
Өзгелердің жаңалығы