Көлгінов елордалық үлескерлердің мәселесі қалай шешілетінін айтты

18 Желтоқсан 2019, 13:14
2060
Бөлісу:
Көлгінов елордалық үлескерлердің мәселесі қалай шешілетінін айтты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ.  Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов құрылысы аяқталмаған нысандар – үлестік құрылыс мәселесін шешу бойынша атқарылатын шаралар туралы баяндады. 

Үлестік құрылыста 10 тұрғын үй кешені бойынша сот, 32 объект бойынша жобалық-сметалық құжаттаманың және сараптаманың болмауы, 26 объект бойынша қаржылық және техникалық аудиттің болмауы, 25 нысан бойынша қаржылық модельдің болмауы секілді бірқатар проблема бар. Өзекті мәселелерді шешу үшін келесі шаралар қабылданды. 26 нысан бойынша аудит жүргізілді. 13 нысан бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірленді және мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынды. 19 нысан жобалық-сметалық құжаттама әзірлеу және түзету сатысында. 8 нысан бойынша құрылысты аяқтаудың қаржылық модельдері әзірленді. Әрбір объект бойынша қадамдық іс-шаралар жоспары әзірленді, объектілердің жол картасы бекітілді, - деді Нұр-Сұлтан қаласының әкімі.

Көлгінов әкімдіктің бастамасы бойынша, "Нұрлы жер" бағдарламасына Ұлттық қордан бөлінген қаражатты, жеке инвестицияларды бұзуға, жер учаскелерін сатып алуға, жаңа объектілер салуға, аванс беруге, қаражатты қайта инвестициялауға пайдалану бойынша өкілеттікті кеңейтетін өзгерістер енгізілгенін атап өтті. Бұл шаралар инвесторлар іздестіруді жеңілдетуге және проблемалық нысандардың құрылысын жеделдетуге көмектесті. 

15 тұрғын үйдің құрылысын әкімдіктің көмегімен үлескерлер өз бетінше аяқтап жатыр. 30 аса проблемалық нысан "Нұрлы жер" бағдарламасы бойынша қаржыландырылады. Ұлттық қордан уәкілетті ұйым "Елорда құрылыс компаниясы" ЖШС-ға қайтару шартын ескере отырып 40 млрд теңге бөлінді. 

15 жыл тұрған "Территория комфорта-1" тұрғын үй кешенін сүреміз. Көктемде құрылысты бастаймыз, инвестор бар. 620 үлескері бар "Алтын шар 1, 2, 3"  тұрғын үй кешенінің құрылысын "Нұрлы жер" бағдарламасы аясында аяқтау жоспарлануда, – деді қала әкімі.

Әкімдіктің мәліметінше, "Шығыс" тұрғын үй кешенінде сегіз тұрғын үй тобы бар. Үш топ бойынша құрылыс жүріп жатыр, екі топ бойынша жобалық-іздестіру жұмыстары және ЖСҚ әзірлеу жұмыстары жүргізілуде. Қалған топтар бойынша қаржыландыру кредиттік қаражаттың қайтарымдылық шарттарын айқындайтын қаржы моделін анықтағаннан және инвестордың банк кепілдігін бергеннен кейін басталады. "Жағалау" тұрғын үй кешенінің 3 полигонында құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізіліп жатыр. 4 полигон бойынша құрылыс-монтаж жұмыстарын қаржыландыруды бастау үшін инвестордың банктік кепілдігін ұсынуы тиіс. 

2019 жылы үлестік құрылыстың аяқталмаған 11 тұрғын үй кешенін аяқтаймыз. Бұл дегеніміз үлескерлер саны 2,5 мыңға азаяды деген сөз. Алдағы жылдары 14 мыңнан астам үлескердің мәселесін шешу жоспарланып отыр, - деді Көлгінов. 

Әкімдіктің мәліметінше, қалған тұрғын үй кешендері 4 жыл ішінде қолданысқа беріледі: 2020 жылы – 22 нысан (7 881 үлескер); 2021 жылы – 7 нысан (1 440 үлескер); 2022 жылы – 9 нысан (1 446 үлескер); 2023 жылы – 4 нысан (1 208 үлескер).

Өзгелердің жаңалығы