Бас жаңалықтар
Көкшетауда Отан қорғаушылар күніне арналған мерекелік шеру өтті
PHOTO
07 Мамыр 2019, 14:04 931

Көкшетауда Отан қорғаушылар күніне арналған мерекелік шеру өтті

Көкшетау, BAQ.KZ тілшісі. Көкшетаудың орталық алаңында ҚР Қарулы күштерінің құрылғанына 27 жыл толуына орай мерекелік шеру өтті. 

Абылайхан алаңында сап түзеген әскери бөлімше сарбаздары мен әскери-патриоттық клуб өкілдеріне «Тік тұр!» - деген бұйрығын беріп, облыстық қорғаныс істері бойынша департаментінің басшысы Руслан Қасымов облыс әкімі Ермек Маржықпаевқа Отан қорғаушылар күніне арналған салтанатты шараға дайын екенін баян етті. Сымдай тартылған сарбаздар мен оқушылардан құралған взводтар 14 сапты құрады. 

Өзінің құттықтау сөзінде Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев тәуелсіздік жылдары Қазақстанның Қарулы күштері қуаттанып, айбынды әскерге айналғанын атап өтті. 


«Тәуелсіз еліміздің таңы атқанда Қуатты әскеріміз да тұсауын кескен болатын. Бүгінгі салтанатты шара Отан қорғаушылар күні мен осы атаулы күнге арналып отыр. Тарихымызға көз жүгіртсек, әр сүйем жерін жаудан қорғаған талай батырлардың өткенін көреміз. Баһадүр бабалар ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен күресе жүріп, өмірін ат үстінде өткізген. Біз кейінгі толқын ағалар Ұлы Отан соғысы жылдарында ерліктің нағыз үлгісін көрсеткен майдангерлердің алдында бас иеміз. Біз бейбіт елміз, сондықтан біздің әскер қатарында әскери борышты өтеу абыройлы міндет. Дегенмен өз шекарамызды берік қорғау үшін жоғары мобильді, сенімді және күшті жарақтанған әскеріміз болуы керек. Осындай салтанатты шаралар ел қорғандарының қарымы мен күштілігін баян етеді», - деді өңір басшысы. 


Мерекелік шарада әскери борышын адал орындап, мінсіз қызметін дәлелдеп келе жатқан азаматтар түрлі марапаттарға ие болды. Облыс әкімі Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің «Мінсіз қызметі үшін» медалін Ақмола облысы қорғаныс істері жөніндегі департаментінің бөлім бастығы Ақылбек Биланов пен Степногорск қаласының қорғаныс істері бөлімінің бастығы Қуандық Әділбековке табыс етті. Сонымен қатар мінсіз қызметі үшін әскери бөлімшелердің сарбаздары, құқық қорғау саласының, төтенше жағдай мен әскери-патриоттық клубтардың өкілдері өңір басшысының алғыс хатын иеленді. 


Шара одан әрі әскери сарбаздардың сап түзеу көрінісімен жалғасты. Сонымен қатар Ақмола облысы полиция департаментінің жедел әрекет ету арнайы жасағының автоматпен қоян-қолтық ұрыс, тыныштықты сақтай отыра дұшпанды қолға түсіру кезіндегі әдістер жинағы ұсынылды. 

«Қызметкерлерді дайындау негізінен қарулы қылмыскерлерді құрықтауға бағытталған, сондықтан да сарбаздардың психикалық даярлығына да аса мән беріледі. Жылдам қимылдайтын арнайы жасақ қызметкері дұшпанның қаруын тартып алып, кепілге алынған адамдарды босату немесе алдында не боларын болжап болмайтын арнайы операциялар кезінде тапқырлық көрсетіп, жауынгерлік дағдысын қолдана   білуі қажет», - дейді Ақмола облысы полиция департаментінің бастығы Берік Біләлов. 

Елбасы бастамасымен 2011 жылы республикалық «Жас ұлан» бірыңғай балалар мен жасөспірімдер ұйымы құрылған болатын. Қазіргі таңда Ақмола облысы бойынша ұйымның 70 мыңға жуық мүшелері бар. Бұл күні оқуда озат, үздік жетістіктерге жеткен 10 оқушы салтанатты түрде ұйым қатарына қабылданды. 


Алаңда сап түзеген әскери бөлімдер мен әскери-патриоттық клубтардың взводтары Көкшетау техникалық институтының әскери-үрмелі оркестрінің сүйемелдеуімен сап түзеп жүріп өтті. Олардың қатарында әскери әндер байқауының жеңімпаз взводтары да бар. 

Отан қорғаушылар күніне арналған салтанатты жиын облыстық филармония мен қалалық көркемөнерпаздар ұжымының концерттік бағдарламасымен жалғасты.
 


Фото: автордан
Загрузка...