Павлодарда 49 млн теңгенің пентхаусы жетімдерге арналған пәтерлерге ауыстырылды

18 Қаңтар 2019, 13:24
2961
Бөлісу:
Павлодарда 49 млн теңгенің пентхаусы жетімдерге арналған пәтерлерге ауыстырылды

Павлодар. BAQ.KZ тілшісі. Бюджет қаржысын тиімсіз жұмсағаны үшін сөгіс алған Павлодар қаласының әкімі Әнуар Күмпекеев 49 млн теңгенің пентхаусын кезекте тұрған жетім балаларға арналған жеті пәтерге ауыстырып берді.

Павлодарда 49 млн теңгенің пентхаусы жетімдерге арналған пәтерлерге ауыстырылды

Еске салсақ, бұған дейін Павлодар қаласының әкімдігі 49 млн теңгенің пәтерін сатып алған. Екі деңгейлі баспана аты-жөні белгісіз мемлекеттік қызметшіге арналған. goszakup.gov.kz сайтындаға ресми ақпаратқа сүйенсек, үй бір жыл бұрын салынған бизнесс-класс деңгейлі үйде орналасқан. Аумағы – 230 шаршы метр. Ал құны 49 900 000 теңге. Жергілікті қауым тарапынан қарсы пікір білдіріліп, шу шығарған.

Нәтижесінде шаһар билігі райынан қайтып, қымбат бір үйді жеті пәтерге алмастырды. Қуанышқа кенелгендердің қатарында 30 жастағы Елена Бурдуковская бар. Балалар үйінің түлегі 14 жыл бойы ұрғын үй кезегінде тұрған.

«Мен – Тереңкөл ауданындағы Песчан балалар үйінің түлегімін. Мекемеден түлеп ұшқан соң пәтер жалдап тұрдық. Бүгінгі күні өзім үйлі-баранды болдым. Өзім аспазбын. Мамандығым бойынша еңбек етудемін», - дейді Елена Бурдуковская.

Жеті пәтердің жалпы аумағы – 268 шаршы метр. Баспаналар электр плиталары мен өзге қажетті дүниелермен жабдықталған. Тұрғын үйлердің барлығы Павлодар қаласының тұрғын үй қорына енгізілді.

«Біз тұрғын үй құрылысшыларына өтініш білдіріп, қымбат баспананың жеті пәтерге ауыстырдық. Қазіргі таңда тұрғын үй кезегінде 16 мың павлодарлық тұр. Олардың 2400-і – балалар үйлерінің түлектері», - дейді Павлодар қаласының әкімі Әнуар Күмпекеев.

Ақмаржан Әділбек

Фотолар: автор

Өзгелердің жаңалығы