Ішкі істер органдарының ардагерлері марапатталды – СҚО
5 Мамыр, 09:31 415

Ішкі істер органдарының ардагерлері марапатталды – СҚО

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. СҚО-да қазақстандық полицияның 30 жылдығы қарсаңында ішкі істер органдарының ардагерлері мінсіз қызметі үшін марапатталды, деп хабарлайды Polisia.kz. 

Қазақстан полициясының мерейтойы қарсаңында Солтүстік Қазақстан облысы Полиция департаментінің музейінде солтүстікқазақстандық милиция қатарында түрлі жылдары қызмет еткен ішкі істер органдары ардагерлеріне құрмет көрсетілді. 

Қазіргі уақытта Солтүстік Қазақстан облысында ішкі істер органдарының 20 бастауыш ұйымы жұмыс істейді, оның құрамында 2360 зейнеткер бар. Оның 450-і Ұлттық ұланның ардагері болса, қалғаны – полиция ардагерлері.

Шақырылғандардың басым бөлігі – сержанттар мен старшиналар. Олар әрдайым офицерлермен бірге алдыңғы қатарда, қойылған міндеттердің сапалы әрі жылдам орындалуы олардың білімдері мен адал еңбектеріне байланысты болған. СҚО Полиция департаменті аппаратының бастауыш Ардагерлер кеңесінің төрағасы Нұржан Күдеров әрқайсына мінсіз қызмет атқарғаны үшін алғыс білдіріп, “Қазақстан патриоты” мерейтойлық медалдарды және алғыс хаттарды табыстады. 

Марапатталғандардың ішінде Жаслан Есенбаев та бар. Ол ішкі істер органдарындағы еңбек жолын сонау 1985 жылы бастаған. Айдауылдау қызметінің жеке взводында қызмет еткен. Құрмет демалысына 2009 жылы шыққан. Музейдегі кездесуге Жаслан Сағынтайұлы 4 жасар немересі Сағжанмен келген, балақай музейдің экспозицияларын тамашалап, атасының әріптестерімен әңгімелесті.

Музейде өте әдемі, қызықты, ең бастысы – ешкім ұмытылмаған! Қазақстан полициясының 30 жылдығы қарсаңында бізді – ардагерлерді марапаттап, көңіл бөлгендері үшін аса ризамын, – деп әсерімен бөлісті Жаслан Есенбаев. 

ездесу соңында ардагерлер кинозалға барып, экскурсияға қатысты – СҚО Полиция департаменті музейінің меңгерушісі Любовь Осинская және қорларды сақтаушы Нина Бенграф қонақтарға солтүстікқазақстандық полицияның тарихы туралы әңгімелеп, ведомствоның тарихындағы сирек кадрларды көрсетті.

СҚО Полиция департаменті және Ұлттық ұланның Ардагерлер кеңесінің төрағасы Ақан Сыздықовтың айтуынша, 23 маусымда мерекеленетін Қазақстан полициясы күні қарсаңында осындай форматта тағы да бірқатар кездесулер мен патриоттық іс-шаралар ұйымдастырылатын болады.


Фото: дереккөз
Загрузка...