Елордада ІІІ республикалық имамдар форумы басталды

23 Қазан 2019, 16:02
3719
Бөлісу:
Елордада ІІІ республикалық имамдар форумы басталды
Фото: автордан

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұйымдастыруымен "Рухани құндылықтар – қоғам бірлігінің негізі" атты ІІІ республикалық имамдар форумы басталды. 

Форумда барша мұсылмандардың рухани тұғырнамасы – "Жеті рухани қазық" қабылданатын болады. Салиқалы бас қосуға 500 имам қатысуда.

Жиынға Президент әкімшілігінің басшысы Ерлан Қошанов, премьер-министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев, ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев, бас мүфти Серікбай қажы Ораз, өзге де мемлекет және қоғам қайраткерлері, еліміздің әр аймағынан келген делегаттар қатысуда.

Форумды Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, бас мүфти Серікбай қажы Сатыбалдыұлы алғыс сөзбен ашты.

"Расында, тіршіліктің құлшылықсыз, ал құлшылықтың тіршіліксіз мәні болмайтыны секілді, адамның өмір сүру салты мен құбылған мына заманда рухани құндылықтардың маңызы күн санап артуда. Ізгілікке негізделмеген істің ілгері жүрмейтінін өмірдің өзі дәлелдеуде. Біздің басты құндылығымыз – елдің амандығы мен жердің тыныштығы, бірлігі мен бейбітшілігі. Дін қызметкерлері мұны айтудан ешқашан жалыққан емес. Өйткені, пайғамбарымыз прогреске үндеген. Дамудың жолын көрсеткен. Керітартпа көзқарас алға жылжуды тежейді", - деді бас мүфти. 
Форумға арнайы келген ҚР Президенті Әкімшілігінің басшысы Ерлан Қошанов президенттің құттықтауын жолдады. 
"Бүгінде елорданың барша дін өкілдерінің басын қосатын өркениетаралық диалог алаңы екенін әлем жұртшылығы мойындап отыр. Биылғы Қазақстан халқына Жолдауымда Әл-Фараби, Абай сияқты ойшылдардың еңбектерін тереңнен дәріптеу қажет екенін айрықша атап өттім. Сондықтан қоғамдағы татулық пен келісімді нығайту арқылы Қазақстан халқының тұтастығын сақтап, ұлттық болмысымызды айқындау – бәрімізге де ортақ парыз. Бұл жиын Діни басқарманың жұмысына тың серпін береді деп сенемін", - деп Ерлан Жақанұлы мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың форумға жолдаған алғадай тілегін жеткізді. 
"Мемлекет те елдің берекелі болғанын, қоғамның жақсара түскенін қалайды. Осы тұрғыдан алғанда біздің ортақ міндетіміз бір. Сіздер әрдайым елді дамытуға дәнекер бола беріңіздер. Сіздерді осы мүмкіндікті пайдаланып, Елбасының тапсырмасымен салынған осы зәулім ғимараттарыңызды шын жүрегіммен құттықтаймын", - деп атап өтті Президент әкімшілігінің басшысы Ерлан Қошанов.
Діндар қауымға жолдаған хаты үшін Серікбай қажы президентке өзінің шынайы ризашылығын білдірді.
Өзгелердің жаңалығы