IELTS талап етіп едік, оқуға түсушілер азайды – БҒМ министрі

31 Қаңтар 2020, 14:30
3086
Бөлісу:
IELTS талап етіп едік, оқуға түсушілер азайды – БҒМ министрі
Фото: Бауыржан ЖУАСБАЕВ

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің алқа отырысы өтті. Іс-шара аясында Қазақстан Республикасының білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов магистратура мен докторантураға оқуға түсудің талаптары өзгергеннен кейінгі жағдайды айтты. 

Магистратура мен докторантураға түсудің талаптарын өзгерту туралы шешімді өткен жылы енгіздік. Магистратураға байланысты көп сын болғанын бәрі жақсы білетін және түсінетін. Себебі университет басшысы тапсырмаларды өзі дайындап, тестті өзі өткізіп, кейін комиссия құрып, оқуға да өзі қабылдайтын. Әрине бұл жерден жоғары оқу орындарының академиялық еркіне, олардың шешімді өзі қабылдауы керек деген трендке қарама-қайшылықты байқауға болады. Алайда біз кей жағдайды орталықтан басқаруға мәжбүрміз. Біз бұл салада жүйелі тәртіп орнатқанға дейін осындай уақытша шаралар қолдана тұрамыз. Біз магистрант та ҰБТ сияқты орталықтандырылған емтихан болады, деп айттық. Осының нәтижесінде, өкінішке қарай, биыл магистрларға арналған бірнеше мың орын игерілмей қалып, оның ақшасын бюджетке кері қайтардық. Айта кетейін, бұған дейінгі жылдары бірде-бір орын бос қалмай, барлығы игерілетін еді, – деді білім министрі. 

Оның айтуынша докторантураға түсу ережелері өзгергеннен кейін түсушілер саны азайған. 
Кезінде, Совет одағы тұсында, диссертация қорғағысы келетіндер үшін кандидаттық минимум болатын, оның арасында тіл бойынша (француз, неміс, ағылшын тілі) емтихан да бар еді. Оған барлығы үйреніп қалған еді. Бізде де докторантураға түсу үшін ағылшын тілін Ұлттық тест орталығында тапсырған еді. Ешкім наразы болмай, тапсырып, оқуға түсетін. 2019 жылы біз Ұлттық тест орталығы жүргізетін тесттен бас тартттық. Себебі бізде оның сапасына қатысты күмән болды. Адамдар оқуға түскен кезде 100 балл алады, ал шынында ағылшынша екі сөздің басын құрай алмайды. Осыдан кейін біз тек халықаралық сертификат (IELTS, TOEFL және т.б.) талап ететін болдық. Біз талап еткен Intermediate деңгейі де аса жоғары емес еді. Алайда көп адамның оқуға түсе алмағанын көрдік. Сондықтан бұл саясатты біз ары қарай да жалғастыратын боламыз, – деді Асхат Аймағамбетов.

Өзгелердің жаңалығы