Грузиядан автокөлікпен жүк тасымалдауға рұқсат берілді

21 Қаңтар 2021, 11:00
2336
Бөлісу:
Грузиядан автокөлікпен жүк тасымалдауға рұқсат берілді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Парламент Сенаты Грузиядан келетін екіжақты және транзиттік тасымалдарды лицензиялау жүйесін енгізуді ұсынады.

Бүгін жоғары палатаның жалпы отырысында «2007 жылғы 6 наурыздағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Грузия Үкіметі арасындағы Халықаралық автомобиль қатынасы туралы келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобасы қабылданды.

Қазіргі кезде екі ел арасында қауіпті жүктер мен ауыр салмақты жүктерді қоспағанда, автокөлікпен екіжақты, транзитті және үшінші елдерге жүк тасымалдау рұқсатсыз негізде жүзеге асырылады. Рұқсатсыз жүйе автомобиль тасымалын орындау кезінде Грузияның көлік операторларына басымдық беріп, ұлттық тасымалдаушылардың мүддесін толықтай қорғауға мүмкіндік бермейді, - дейді Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов.

Оның айтуынша, 2020 жылы экспорт-импорт бағытында тасымалданған 18 мың 96 тонна жүктің 29 пайызы отандық тасымалдаушылар еншісіне келсе, 57 пайызын грузин көлік операторлары тасымалдады. Соңғы кездері Грузия аумағында Грузия-Түркия, Грузия-Украина сияқты бірлескен автотасымал кәсіпорындары ашылды.

Грузия елінің теңізге шығуға мүмкіндігі бар. Сондықтан рұқсат жүйесін енгізу екі ел арасындағы автокөлікпен жүк тасымал нарығында тепе-теңдікті орнатуға мүмкіндік береді. Екіншіден, отандық көлік операторларының тасымалдағы үлесін арттыруға ықпал етеді. Үшіншіден, отандық тасымалдаушылар таситын жүк көлемі ұлғайып, олардың табысы артады. Аталған хаттаманы ратификациялау бюджет қаражатын жұмсауды қажет етпейді, - деді министр.

Оның дерегіне сүйенсек, Грузияда халықаралық тасымалдағы автокөлік паркі артқан. Еліміз паркі 7 мың 754 болса, Грузияда 8 мың 901-ге жеткен.

Өзгелердің жаңалығы