Бас жаңалықтар
Еуразиялық интеграцияның дамуына бар жағдайды жасаймын - Тоқаев
PHOTO
04 Сәуiр 2019, 17:00 438

Еуразиялық интеграцияның дамуына бар жағдайды жасаймын - Тоқаев

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Мемлекет басшысы ресми сапары аясында Ресей Федерациясы Федералдық Жиналысы Федерация Кеңесінде болып, Кеңес төрайымы Валентина Матвиенкомен кездесті, сондай-ақ Құрметті қонақтар кітабына қолтаңба қалдырды. Бұл туралы Ақорданың ресми сайты хабарлады.

Кездесу барысында Қасым-Жомарт Тоқаев Ресейге алғашқы шетелдік сапарының символдық мәні зор екенін айтып, бұл өзара құрмет пен сенімге негізделген екіжақты стратегиялық серіктестіктің жоғары деңгейін айғақтайтынын атап өтті.

"Қазақстанның жаңа Президенті ретіндегі менің міндетім – елдеріміз арасындағы одақтастық қарым-қатынастың дамуына мол еңбек сіңірген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың стратегиясының сабақтастығын қамтамасыз ету", – деді Мемлекет басшысы.


Қасым-Жомарт Тоқаев Валентина Матвиенконың ТМД Парламентаралық Ассамблеясының төрағасы лауазымындағы қызметін жоғары бағалап, Федерация Кеңесінің спикеріне екіжақты парламенттік байланыстарды нығайту жөніндегі бірлескен жұмыстары мен халықаралық құрылымдар аясындағы жемісті ынтымақтастық үшін ризашылық білдірді.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысы екі елдің интеграциялық күн тәртібі аясында өзара іс-қимылдарды кеңейту мәселелеріне арнайы тоқталды.

"29 мамырда Нұр-Сұлтан қаласында Еуразия экономикалық одағының мерейтойлық саммиті өтеді. Қазақстан Республикасының Президенті ретінде еуразиялық интеграцияның дамуына барынша жағдай жасаймын. Біздің мемлекеттеріміздің парламенттері осы үдерістерге зор үлес қоса алады деп ойлаймын", – деді Қазақстан Президенті.


Валентина Матвиенко парламентаралық қарым-қатынасты нығайтудың маңыздылығын айтып, осы сапар Қазақстан мен Ресейдің  стратегиялық серіктестігіне тың серпін беретініне сенім білдірді.

"Сіз кестеңіздің тығыздығына қарамастан, Федерация Кеңесіне келуге уақыт тапқаныңыз үшін ризашылығымды білдіремін. Екіжақты парламенттік өзара іс-қимылдарды және ТМД Парламентаралық Ассамблея аясындағы ынтымақтастықты дамытуға қосқан жеке үлесіңіз үшін Сізге алғыс айтқым келеді , – деді Валентина Матвиенко.

Соңында Валентина Матвиенко Қасым-Жомарт Тоқаевқа биылғы сәуір айында Парламентаралық Ассамблеяның кезекті отырысы жоспарланғанын және осы жиынға Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы Дариға Назарбаеваның шақырылғаны туралы айтты.

Кездесу соңында тараптар екіжақты ынтымақтастықтың ауқымды мәселелері жөнінде пікір алмасты.
Загрузка...