Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бұл туралы Мемлекет басшысының Instagram-дағы ресми парақшасында жарияланды.
"Ләйлім-Шырақ есімді 9 жастағы мектеп оқушысы қазақтың ұлы ақыны Абай өлеңдерінен үзінді оқып, бұл эстафетаны жалғастыруды ҚР президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа жолдаған екен. Мемлекет басшысы Ләйлім-Шырақтың бұл ұсынысын зор қуанышпен қабылдап, кемеңгер ақынның жастарды білім мен ғылымға шақыратын, мақсатыңа жету жолында қажет асыл қасиеттерді атап көрсеткен "Ғылым таппай мақтанба" атты өлеңінен үзінді оқып, жауап берді", - деп жазылған әлеуметтік желідегі парақшада.
Сондай-ақ, президент Абай өлеңдерін оқу эстафетасын одан әрі Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовке, Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұловаға және бүкіл әлемді мойындатқан талантты әнші Димаш Құдайбергенге жолдады.