Ертіс өңірінің кәсіпкерлері тәулігіне 50 мың маска тігеді

7 Сәуір 2020, 14:10
1565
Бөлісу:
Ертіс өңірінің кәсіпкерлері тәулігіне 50 мың маска тігеді

Павлодар, BAQ.KZ тілшісі. Ертіс өңірінің кәсіпкерлері тәулігіне 50 мың маска тігеді. Бұл ішкі нарықты толық қамтуға жететін көлем. Соңғы 4-5 күн ішінде бұл жоспар орындалып отыр.

Елімізде төтенше жағдай жарияланған сәтте облыста медициналық бетперделерге деген сұраныс күрт артып, сауда желілері мен дәріханаларда табылмады. Уақыт өте келе кейбір кәсіпорындар негізгі өндірістерін өзгертіп, жаңа тігін желілерін іске қосты.

Облыс әкімінің орынбасары Сәкен Шаяхметовтің хабарлауынша, қазіргі таңда ішкі нарыққа қажет бірреттік және көпреттік медициналық маскаларды тігу жұмысы жолға қойылған.

Халықтың тәуліктік қажеттілігі толық өтеліп жатыр. Күніне тігілетін 50 мың масканың 20 мың данасы бірреттік бетперделер болса, 30 мыңы - көпреттік өнімдер. Біз кәсіпкерлерімізге алғыс білдіреміз. Төтенше жағдай кезінде халық қажеттілігіне арналған бетперде тіге бастады. Мәселен, бұған дейін полипропилен өнімдерін шығаратын кәсіпорын маска тігуге де бет бұрды. Қазіргі уақытта бірреттік бетперденің біреуі 60 теңге тұрады. 40 мың маска күнбе күн дәріханалар желілеріне жөнелтіледі. Ал көпретті қолданыстағы маскалардың біреуі 170 теңгеден саудалануда, - дейді Сәкен Шаяхметов.
Ішкі нарықтағы дезинфекциялық құралдар өндірісі де ретке келтірілді. Бүгінде екі кәсіпорын антисептик шығарып жатса, тағы бір алып химиялық кәсіпорын дезинфекциялық өнімдер шығарады. Қазіргі уақытта "Каустик" ЖШС-і өндіретін натрий хлориті облыс орталығы көшелерін зарарсыздандыруға қолданылып жатыр.


Өзгелердің жаңалығы