Бас жаңалықтар
Ерсін Жүнісов: Білім, медицина бағытындағы мәселелер жүйелі жүргізілуі керек
27 Мамыр 2020, 18:36 386

Ерсін Жүнісов: Білім, медицина бағытындағы мәселелер жүйелі жүргізілуі керек

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Мемлекет басшысының қатысуымен өткен Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің үшінші отырысына қатысты "Семей медицина университеті" коммерциялық емес акционерлік қоғамының басқарма төрағасы, ректор Ерсін Жүнісов пікір білдірген еді.

Кеңесте біраз мәселе қаралды. Әсіресе, Мемлекет басшысының денсаулық сақтау саласын жаңа бағытта дамыту бойынша, дәрігерлік қателіктер мен клиникалық зерттеулер тәртібін бұзғаны үшін қылмыстық жауапкершіліктің орындылығын қайта қарауға қатысты пікіріне медицина саласында жүрген дәрігер, ғалымдар қуанып қалдық.  Себебі, бұл біз үшін өте маңызды. Біріншіден, "дәрігерлерді қасақана қателік жасады, ауыр жағдайға жеткізді", деп айыптап, қылмыстық жазаға тарту деген әлемнің дамыған елдерінің ешбірінде жоқ жайт. Мұны "медициналық индидент", дейді. Әр дәрігер өз деңгейінде сапалы жұмыс істеуі үшін, сарапшылар тексереді, дәрігер өзінің біліктілігін арттырады, лицензия алу, сертификаттау арқылы, ауруханаларда госпитальдық менеджмент сияқты қадағалау жүйелерінің инновациялық деңгейін енгізу арқылы мұндай жағдайлар көрсеткішін төмендетеді немесе тіптен жояды. Ал, дәрігерлердің үстінен іс қозғап, шетінен қамауға ала берсе, Президент дұрыс айтады, бұл салаға келемін деген болашақ дәрігерлердің бетін қайтарып, қазір еңбек етіп жүрген мықты мамандардың медицина саласынан басқа салаға ауысып кетуіне әсер етеді. Денсаулық сақтау саласынан медицина қызметкерлері кете бастаса, ол қоғамдық денсаулыққа кері әсерін тигізеді. Жалпы, мемлекет дамуының, экономикалық тұрғыдан өркендеуінің негізі – қоғамдық денсаулықтың мықты болуында жатыр. Сондықтан, денсаулық сақтау саласын ауырғанда ғана емдейтін сала емес, мемлекеттің дамуына үлес қосатын бірден бір сала деп қарастыру қажет. Бұл бағыттағы тағы бір күрделі сұрақ – медицина саласына келгісі келетін түлектердің келуіне бөгет болады.  Медициналық университеттердегі талапкерлердің  үлес салмағы күрт төмендейді. Ал, бұл болашақта үлкен қауіпке алып келуі мүмкін.  Мысалы, кадр тапшылығы артады, медицинада жүрген зейнет жасындағы қызметкерлер санын көбейтеді. Сол себепті, бұл мәселені алдыңғы шептегі мемлекеттердің деңгейінде қарастыру керек, - дейді ол. 
Ерсін Тұрсынханұлы қоғамдық сенім кеңесінде баса назар салынған мәселенің бірі – медициналық ғылымды дамыту мәселесі екенін айтады.
Медициналық ғылымды дамытпай, дамыған елдердің қатарына қосылу мүмкін емес.  Бұл сала әлемде өте қарқынды дамып келеді. Цифрлы медицина, медициналық фундаментальді ғылым өте жылдам дамып жатыр. Егер біз жастарды медицина ғылымына тарта отырып, медициналық өнімдерді  бірден аурухана, емханаларға енгізіп,  аурудың алдын алу жолдарын анықтап жатсақ, бұл – қоғам денсаулығын одан сайын арттырады. Сонымен қатар, әлемдік технологиямен жұмыс істеп жүрген ғалымдардың өнімдеріне басқа мемлекеттерден сұраныс пайда болады. Мысалы, АҚШ, Оңтүстік Кореядағы ғалымдардың деңгейі неге жоғары, себебі, олар дүниежүзілік деңгейдегі медициналық ғылымды дамытып отыр. Тиісінше, сол ғалымдардың ойлап тапқан өніміне өзге мемлекеттер тәуелді. Ал, егер біз де солай өзімізде шығарсақ, бәсекеге төзімді, медициналық ғылымы бар мемлекет болсақ, бұл мемлекеттің экономикасына қосымша табыс әкеледі, - дейді ол.
Оның айтуынша, мемлекеттің болашағы медицина саласы бойынша жас ғалымдарға негіздеуі керек. 
Бұл өте қуантарлық жағдай. Медициналық ғылымды дамыту үшін медициналық университеттердегі ғылыми орталықтардың зертханалары, техникалық саябақтары жаңарып жатса, жаңа ауруханалар салынса, біздің материалдық-техникалық жабдықталуымызбен қоса,  шығып жатқан ғылыми өнімдеріміз жақсы бағаланып жатса, қызметкерлердің еңбекақысы жоғары болса, медициналық ғылым медицина саласының дамуына мультипликаторлы әсер береді, - дейді ол. 
Қоғамдық сенім кеңесінде айтылған маңызды тақырыптың бірі – биологиялық қауіпсіздік бойынша заңды қарастыру мәселесі. Ерсін Жүнісов бұл құптарлық шешім екенін айтады.
Дүниежүзіндегі тенденцияларды қарап отырсақ, түрлі вирустардың өзгеріске ұшырып, мутациялануы бүкіл әлемге қауіп төндіруі мүмкін. Сондықтан, бұл саланы да реттеп, ғылыми зертханалардың деңгейін арттырып, оған ғалымдарды дайындап, әлемдік деңгейден кері қалмайтындай сапасы жоғары вакциналарды, антибиотиктерді ойлап тауып жатса, оның  ең алдымен өз елімізге тигізер пайдасы ұшан теңіз болар еді.  Кеңес барысында Президент ескі ауруханаларды жаңарту мәселесіне де тоқталды. Бұл сұрақты  да толық қолдаймыз. Өйткені, халықаралық деңгейдегі білім беру бағдарламасымен  білім алып шыққан маманның облыстық, аудандық деңгейдегі ауруханаларға барғанда алған білімін ары қарай жалғастырып әкету мүмкіндігі болуы керек. Егер ол барған аурухана ескі, тиісті құрал-жабдық жоқ болса, ол бар күш-жігерін пайдаланып, алған білімін, тәжірибесін жүзеге асыра алмайды. Мемлекет басшысының білім саласына, медицина саласына қатысты айтқан сөздерімен толық қосыламын. Бұл бағыттағы мәселелер жүйелі түрде жүргізілуі керек, - дейді ол.

Фото: дереккөз
Загрузка...