Бас жаңалықтар
«Ерекше өмір» жетекшісі: Жақсы дамып келе жатқан баламда кенеттен ауытқу болады деп ойламағам
16 Ақпан 2021, 17:22 612

«Ерекше өмір» жетекшісі: Жақсы дамып келе жатқан баламда кенеттен ауытқу болады деп ойламағам

Көкшетау, BAQ.KZ тілшісі. Көкшетауда осыдан төрт жыл бұрын ашылған «Ерекше өмір» аутизм дертіне шалдыққан балаларды әлеуметтік бейімдеу және педагогикалық түзету орталығында 100-ге жуық бала оңалту курсынан өтті.

«Ерекше өмір» қоғамдық қорының жетекшісі Әлия Рахымбекова орталықты ашуға отбасындағы жағдай түрткі болғанын айтты. Ол дені сау, қалыпты дамып келе жатқан баласының денсаулығында кенеттен ауытқу болады деп ойламаған.

Екі жарым жасында ұлыма «сөйлеу тілі бұзылған» деген диагноз қойылды. Өкінішке қарай, Көкшетауда мұндай диагнозы бар балаларға көмек көрсететін бірде-бір мекеме болмады. Тіпті мамандардың өзі тапшы. Осылайша балам қалыпты өмірден оқшауланып бара жатты. Басқа ата-аналар сияқты интернеттен мәлімет іздедім. Аутист балалармен үздіксіз, ұзақ мерзім айналысса ғана нәтиже боларына көзім жетті, – дейді Әлия Рақымбекова.

Әбілмансұр 4 жасқа толғанда анасымен бірге Ұлттық оңалту орталығында алғаш рет АВА-терапия және оңалтудың кешенді курсынан өтеді.

Бастапқы оң нәтиже байқала бастады. Бір айдан соң үйге оралдық. Алайда бір ай уақыт бізге аздық етті. Ал келесі квотаны бір жыл күту керек болатын. Мұндай дертке шалдыққан балаларға дәрі емес, арнайы мамандардың көмегі қажет. Осыны біле тұра, қол қусырып отыра алмадым. Бірден әрекет етуге бел байладым. Белсенді ата-аналарды тауып, бәріміз бірге Көкшетау қаласында «Мүгедек балаларды қолдау» қоғамдық қоры мен «Ерекше өмір» әлеуметтік бейімдеу және педагогикалық түзету орталығын ашуды ойластырдық, – дейді Әлия.

Оның айтуынша, бастапқы капитал болмағандықтан, жеке іс бастаудың өзі ойлағаннан әлдеқайда қиынға соққан.

Біліктілікті арттыру және қайта даярлауға қаражатпен қатар көп уақыт пен күш жұмсалды. Ғимаратты жалға алу, қызметкерлер жалдау, қажетті жабдық сатып алу – еңсерілмейтін кедергі болып көрінді. Бір жолы «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қорының «Әрекет» жобасы аясында гранттар байқауы өтетінін естіп, ойланбастан өтінім бердік. Қатысушылар көп болды. Төгілген тер, тынымсыз еңбек өз жемісін берді. Осы байқауда 3 миллион теңгенің грантын иелендік. Бірден жобаны жүзеге асыруға кірістік. Көкшетауда сенсорлық-динамикалық залға арналған құрылғы, «Tomatis» talksup аспабын сатып алдық. Мамандар арнайы курстан өтіп, жаңа әдістеме бойынша жұмыс істеуге лицензия алынды, - дейді орталық жетекшісі.

Осы уақыт ішінде орталықта жүздеген бала оңалту курсынан өтіп, екі жүзге жуық отбасы кеңес алды. «Ерекше өмір» орталығында дамуында ауытқуы бар балалар ұзын-сонар кезек күтпей-ақ тұрақты негізде оңалтудан өтеді. 

Қазір орталық мамандары аутизмі бар, психо-сөйлеу дамуының кідірісі, ақыл-ойы бұзылған және назар тапшылығы синдромы бар, сондай-ақ гиперактивті балалармен жұмыс істеуде оң нәтижелер беретін жаңа әдістемелермен табысты жұмыс істеуде. 

2019 жылы «Ерекше өмір» қоры «Қоғамның осал топтарын қолдау саласындағы әлеуметтік кәсіпкерліктің үздік үлгісі» номинациясы бойынша «Ozgeris ustasy» сыйлығына ие болды.

Жұмыс істей жүріп, біз өңірдегі әлеуметтік мәселелерді кәсіпкерлік тәсіл арқылы шешуге тырысамыз. Орталық балаларды ақылы негізде қабылдайды, бірақ «ерекше» балалардың ата-аналары әлеуметтік бағамен төлем жасай алады. Барлық кіріс тегін орындар резервіне жұмсалады. Жасыратыны жоқ, көп ананың жұмыстарын тастап балаларының қасында болуына жағдайлары жоқ. «Ерекше» балалар ерекше қамқорлықты қажет етеді. Егер отбасында екі ерекше бала болса, онда біз бір балаға тегін қызмет көрсетеміз. Сондай-ақ, аз қамтылған отбасылардың балалары курстан тегін өтеді, – дейді орталық жетекшісі.

Орталықта ата-аналар мен жас педагогтар үшін арнайы оқу курстары өткізіледі.

Ең бастысы бірге жұмыс істеуге, ортақ іске өз үлесін қосуға дайын, мықты команда бар кезде ісіміз оңға басарына сенімдімін. Қандай жағдайда болмасын, кез келген тығырықтан шығудың жолы бар. Әрқайсымыз пайдалы іс жасасақ қана әлем жақсаратынын түсінуіміз керек, - деп сөзін түйді Әлия Рахымбекова.


Фото: дереккөз
Загрузка...