Елордада «Қаламгерлер аллеясы» ашылады

3 Қыркүйек 2019, 16:56
3190
Бөлісу:
Елордада «Қаламгерлер аллеясы» ашылады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі.  Елодада 4-6 қыркүйек күндері өтетін «Азия елдері қаламгерлерінің І форумына» қатысты баспасөз конференциясы өтті.

Тұңғыш рет ұйымдастырылып отырған форум Азия континентінде орналасқан елдер арасындағы әдеби-мәдени байланыстарды нығайту, әдеби үдерістің дамуына қатысты Азия елдерімен тәжірибе алмасу сынды мақсаттарды көздейді.

«Ел тарихына үңілсек, осыдан тура 46 жыл бұрын сонау Кеңес өкіметі тұсында Азия-Африка жазушыларының 5-ші конференциясы Алматы қаласында өткен болатын. Бұл форумның ол форумнан басты ерекшелігі ол конференцияға тек қана социалистік-демократиялық республикалардың қаламгерлері шақырылған. Бұл жолғы жиында ондай саяси шектеулер мүлдем болмайды. Біз Азияның 44 мемлекетінің барлығына шақырту жібердік. Солардың ішінен 38 мемлекеттен 80-ге жуық қаламгер елімізге келіп, форумға қатысуға ықылас танытты», - деді Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Ұлықбек Есдәулет.

Сондай-ақ, 3 күнге созылатын форум барысында пайдалы дәрістер мен ашық пікірталастар ұйымдастырылып, елордадан «Қаламгерлер аллеясы» ашылады.

«Ертең пленарлық отырысы өтеді. Екі бөлімде 11 спикер баяндама оқиды. Келесі күні TED.9 форматында арнайы шара өтеді. Онда 10 спикер дәріс оқып, еркін форматта сұхбаттасады. Сондай-ақ, Абай көшесінің бойында «Қаламгерлер аллеясы» ашылады. Шара аясында Орталық Азия қаламгерлерінің кездесуі өтеді. Онда Ұлы Жібек жолы бойындағы әдебиеттің болашағы туралы айтылады. Форум шеңберінде жас Азия қаламгерлерінің кездесуі де жоспарланған», - деді Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасының бірінші орынбасары Ақберен Елгезек.
Өзгелердің жаңалығы