Елордада 2022 жылы тағы 10 мың әлеуметтік пәтер салынады
11 Қараша 2021, 13:59 86

Елордада 2022 жылы тағы 10 мың әлеуметтік пәтер салынады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Елорда әкімі Алтай Көлгінов Instagram парақшасында келесі жылы 10 мың әлеуметтік пәтер салынатынын мәлім етті.

Елорда соңғы жылдары әлеуметтік тұрғын үй құрылысы бойынша өз рекордын жаңартып келеді. Бұл деңгей ары қарай да сақтала береді. Келесі жылы қолжетімді тұрғын үй салу үшін алдын ала дайындық басталды: учаскелерді, жобалық-сметалық құжаттаманы дайындау, инженерлік желілерді тарту және аумақты абаттандыру, құрылыс жұмыстары.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша қолжетімді жеңілдікті тұрғын үй көлемін ұлғайту бойынша жүйелі жұмыс жүргізіп жатырмыз, -деді ол.

Оның сөзінше, 2022 жылы кемінде 10 мың әлеуметтік пәтер салуды жоспарлап отырмыз. Аудандар «Нұр-Сұлтан – жайлы қала» мастер-жоспарының тұжырымдамасына сәйкес дамып жатыр. Оған сәйкес әлеуметтік нысандар жақын маңайға орналасатын болады.

Мысалы, 2018 жылы 1800 әлеуметтік пәтер салынса, 2019 жылғы көрсеткіш – 2900, ал 2020 жылы 7 мың әлеуметтік пәтер салынды. Биыл бұл көрсеткішті 10 мыңға жеткіземіз. Келесі жылы да осындай көлемде пәтер саламыз. Қолжетімді тұрғын үй құрылысының көлемін ұлғайтумен қатар, тұрғын үй бағдарламаларын жетілдіру бойынша да жұмыс істеп жатырмыз: қатысушылар санатын едәуір кеңейттік, тұрғын үй сертификаттарының мөлшерін 1 млн теңгеден 1,5 млн теңгеге дейін ұлғайттық, -дейді әкім.

Сонымен қатар Көлгінов осы жылдың қазан айында жастарға арналған арнайы тұрғын үй бағдарламасы іске қосылғанын айта кетті.

Жеңілдетілген әлеуметтік несиелендірудің бұл бағдарламасы елорданың жас мамандарына (36 жасқа дейін) арналған. Сондай-ақ Елбасының бастамасымен қолға алынған «Жұмыс істейтін жастарға жалға берілетін тұрғын үй» бағдарламасын жалғастырамыз, - деп жазды елорда әкімі.

Фото: ашық дереккөз
Загрузка...