Елорда мешіттерінде Тарауих намазы оқылмайды

9 Сәуір 2021, 11:29
4509
Бөлісу:
Елорда мешіттерінде Тарауих намазы оқылмайды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Рамазан айында елорда мешіттерінде Тарауих намаздары мен Жұма намаздары оқылмайды, ауызашар рәсімдері өткізілмейді.

Бұл туралы қала әкімдігінің Facebook-тегі парақшасында өткен тікелей эфир кезінде Нұр-Сұлтан қаласының Дін істері жөніндегі басқармасының басшысы Нұрдәулет Әлмұханов айтты.

Басқарма басшысы атап өткендей, биыл қасиетті Рамазан айы діни мерекесі 13 сәуір мен 12 мамыр аралығында өтеді. Мамырдың 8-нен 9-на қараған түні қасиетті Қадір түні. 13 мамыр күні Ораза Айт мерекесі аталып өтеді.

Қазіргі таңда Нұр-Сұлтан қаласы Дін істері жөніндегі басқармасы мен Қазақстан Мұсылмандары Діни басқармасының (ҚМДБ) қаладағы өкілдігімен, тиісті мемлекеттік мекемелермен бірлесіп дайындық жұмыстарын өткізуде. Сонымен қатар орталықтандырылған тегін iKomek 109 нөмірі арқылы Рамазан айына қатысты, одан бөлек барлық ұсынысты айтып, хабарласуға болады, - деді ол.

Сондай-ақ санитарлық эпидемиологиялық жағдайға байланысты барлық мешітте дәстүрлі Тарауих намаздары мен Жұма намаздары, ауызашар рәсімдері өткізілмейді.

Құрметті Нұр-Сұлтан қаласының тұрғындары мен қонақтары бекітілген санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды, қауіпсіздік ережелерін сақтауға шақырамыз. Өзіміздің және жақындарымызды қауіп-қатерден сақтайық!, – деп түйіндеді Нұрдәулет Әлмұханов өз сөзін.
Еске салсақ, кеше бас мүфти биыл пітір садақа құны қанша болатынын айтты. Сонымен қатар ол 60-тан асқандар ораза тұтпас бұрын медициналық тексеруден өткендері дұрыс екенін атап өтті. Наурызбай қажы Тағанұлы қасиетті рамазан айында қайырымдылық жасау ісін мешіттер немесе еріктілер арқылы жүзеге асыруға болатынын айтты. 

Бұдан бөлек Наиб мүфти Ершат қажы Оңғар карантин кезіндегі бес уақыт намаз, жұма намазы, тарауық намазы мен ауызашар өткізудің тәртібіне тоқталды.

Наиб мүфти ораза тұтқан жан КВИ-ге шалдықса, оразасын жалғастыруға бола ма және «Спутник V» вакцинасы халал ма деген сауалдарға жауап берді. 

Өзгелердің жаңалығы