Елорда әкімдігі проблемалы объектілер құрылысын үш жылда аяқтауға уәде берді

6 Қараша 2019, 17:42
1726
Бөлісу:
Елорда әкімдігі проблемалы объектілер құрылысын үш жылда аяқтауға уәде берді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Алдағы үш жылда елордадағы проблемалы тұрғын үйлер мәселесі шешіледі. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Алтынбек Қайсағалиев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді.

Қаламыздың өзекті мәселелерінің бірі үлестік құрылыс болып отыр. Үлестік құрылысқа халықтың қызығуының бірден-бір себебі – құрылыс бағасының төмен болуы. Сонымен бірге құрылыс салушылар бағасының төмен болуы кесірінен құрылыстың ұзаққа созылып кетуі мен құрылыс салушы компаниялардың үлескерлерді алдап кетуі қауіп-қатерлері де бар. Осының нәтижесінде проблемалы объектілер пайда болады, - деді Қайсағалиев.

Әкім орынбасары мемлекеттік органдар мен тұрғын үй құрылыс корпоративтерінің біріккен жұмысының арқасында проблемалық нысандар саны 51-ден 48-ге азайғанын айтты. 

Бүгінде 71 көпқабатты тұрғын үйдің 13054 үлескері бар. Соңғы үш айда үлескерлер саны 14500-ден 13054-ке түсті. Жыл басынан бері үш көпқабатты тұрғын үй тапсырылса, жыл аяғына дейін қосымша 7 көпқабатты тұрғын үй пайдалануға беріледі. 19 нысанның (2660 үлескер) құрылысын инвесторларды тарту жолымен салып бітіру жүзеге асырылып жатыр. 29 аса ерекше проблемалы объектілер "Нұрлы жер" мемлекеттік бағдарламасы аясында іске асырылады. Осыған Ұлттық қордан 40 млрд теңге бөлінген, - деді ол.

Қайсағалиев әкімшілік тарапынан уәкілетті ұйым – "Елорда құрылыс компаниясы" осы күнге дейін 6 млрд теңгені игерсе, жыл соңына дейін 14 млрд теңге қаражат игеріліп, қалған қаражат 2020 жылдың жарты жылдығында игерілетінін айтты.


Әрбір объект бойынша әкімдік іс-шаралардың қадамдық жоспарларын әзірлеп, жол картасын бекітті. Қазіргі бар проблемалық объектілерді алдағы үш-төрт жылдың ішінде аяқтау жоспарға енгізілді. 2019 жылы – 10, 2020 жылы – 20 , 2021 жылы – 7, 2022 жылы – 9, 2023 жылы – 4 көпқабатты тұрғын үй тапсырылады. Алдағы үш жылда толықтай проблемалық объектілер мәселесін шешеміз, - деді спикер.


Өзгелердің жаңалығы