Еліміздің дәрі өндірушілері демалыссыз жұмыс істеп жатыр

20 Қазан 2020, 15:41
1635
Бөлісу:
Еліміздің дәрі өндірушілері демалыссыз жұмыс істеп жатыр

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Коронавирустың екінші толқыны кезінде дәрі-дәрмек жетіспеушілігі болмас үшін үкімет отандық дәрі өндірушілерге үлкен көлемде тапсырыс беріп жатыр.

«СҚ-Фармация» дәрі тапшылығын болдырмас үшін қажетті дәрілерді сатып алып жатыр. Оның үстіне дәрі өндірушілерге кең көлемде тапсырыс беріп жатыр. 

Бүгін Үкімет отырысында ҚР Индустрия және инновациялық даму министрлігі елімізде 96 кәсіпорын дәрі-дәрмек пен медициналық бұйым шығарып жатқанын баяндады. 

Дәрі өндірумен айналысатын «Химфарм» АҚ-ның Аурухана ісі жөніндегі директоры Айгүл Исенова пандемия басталғалы кәсіпорын дамылсыз жұмыс істеп жатқанын айтады. 

Біз коронавирусты емдеу хаттамасындағы барлық дәріні өндіреміз. Дәрі-дәрмектің барлығын қамтамасыз етіп отырмыз деп айта алмаймын, дегенмен көп бөлігін шығарып жатырмыз. СҚ-Фармация тапсырыс берген дәрілерді келісілген кесте бойынша жеткізіп жатырмыз. Бұл дәрілерді пандемия басталғалы шығарып келеміз, соңғы кезде тапсырыс ұлғайған жоқ. Өндіріс орны Шымкент қаласында орналасқан. Қазір демалыссыз жұмыс істеп жатырмыз, - дейді ол. 

Медициналық бұйымдар шығаратын «ЭКО-ФАРМ» кәсіпорнының жетекшісі Дінмұхаммед Бубеш пандемия басталғалы өндіріс артқанын айтады.

СҚ-Фармациямен келісім жасалған, солардың тапсырысы бойынша өнім шығарамыз. Негізінен екпе салатын инелер, бинт, гипс, қорғаныс киімдерін, медициналық маскалар шығарамыз. Пандемия басталғалы біз шығаратын өнімдерге сұраныс артты. Қоймада екі айға жеткілікті бұйымдар сақталған, - дейді Бубеш.

Қажетті медициналық құралдар шығаратын «Dolce» ЖШС-нің басшысы Баян Демеуова СҚ-Фармациямен келіссөздер жүріп жатқанын жеткізді.

Қазір бізде СҚ-Фармациямен келіссөздер жүріп жатыр. Біз медициналық бұйымдар шығарамыз. Бүгінгі таңға дейін өнімдер қалыпты жағдайда шығарылып келді, егер тапсырыс түссе, күні-түні жұмыс істейміз. Дегенмен үкімет тарапынан үлкен тапсырыс болған жоқ, - дейді ол. 

Отандық кәсіпорындар күн сайын 900 мың медициналық маска, 330 мың жұп медициналық қолғап шығарады. Қоймаларда 18 млн маска бар. Сондай-ақ 6 отандық компания ай сайын 504 мың медициналық қорғаныс костюмін шығарады екен.

Өзгелердің жаңалығы