Еліміздегі менингококк инфекциясының деңгейі 49 пайызға азайды – Бекшин

14 Қыркүйек 2019, 05:07
1568
Бөлісу:
Еліміздегі менингококк инфекциясының деңгейі 49 пайызға азайды – Бекшин

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ҚР ДСМ Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитеті төрағасының орынбасары Жандарбек Бекшин еліміздегі менингит, менигококк аурулары жөнінде мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Елорда Инфо

«Қазіргі таңда елімізде эпидемиологиялық жағдай тұрақты. Себебі ауру 32 назологиядан төмендеді. Нақтырақ айтқанда, оның ішінде А гепатиті өткен жылмен салыстырғанда 2,5 есеге қысқарды. Эпидемиологиялық паротит те төмендеді. Ел жұртшылығы даурығып отырған менингококк инфекциясының деңгейі 49 пайызға азайды. Сол сияқты сольмонеллез, туберкулез 10 пайызға төмендеді», – деді Жандарбек Бекшин. 

Ол сөз арасында оба, тырысқақ, диффтерия полимелит, сіріспе секілді қауіпті инфекциялар елімізде биыл тіркелмегенін айтып өтті. 

«Қазіргі таңда менингит ауруының 3-4 жылдық циклі бар. Қазір біз ең төмен деңгейде тұрмыз. Себебі былтыр ел бойынша 96 жағдай тіркелді. Оның 35-і Алматы қаласының, 21-і Алматы облысының еншісінде. Сол сияқты жыл сайын республика бойынша 1000-ға жуық серозды менингит тіркеледі. Ал биыл Нұр-Сұлтан қаласында 298 жағдай тіркеліп отыр. Былтыр еліміз бойынша 825 оқиға орын алған болатын. Оның ішінде Нұр-Сұлтан қаласында – 292, Алматы қаласында – 250. Өзге елдермен салыстыратын болсақ, мысалға АҚШ-та серозды менингит оқиғасы жылына 26 мыңнан 46 мыңға дейін тіркеледі», – дейді ол. 

Сонымен қатар комитет төрағасының орынбасары көршілес Ресей Федерациясында былтыр менингиттен 170 адамның қаза тапқанын айтты. 

«Бүгінде Нұр-Сұлтан қаласында менингококк бойынша 1 жағдай ғана тіркелді. Іріңді менингиттің 9 жағдайы анықталды. Серозды менингитке 240 адам шалдыққан. Менингококк инфекцияға шалдығу жағдайын тұрақтандыру үшін көптеген іс-шара жүргізіліп жатыр. Былтырдан бастап министрлікте штаб құрылды және кешенді алдын алу шаралары бекітіліп, қазіргі уақытта орындалып жатыр», – деді Жандарбек Бекшин. 

Осы жұмыстың нәтижесінде еліміз бойынша бұл көрсеткіш 4,8 есеге төмендеді. Өткен жылдың алғашқы 8 айында елімізде менингококк бойынша 78 жағдай тіркеліпті. Ал биыл бұл көрсеткіш екі есеге дейін төмендеп, 41 оқиға анықталған. 

«Жұқпалы аурулар ауруханасында 59 науқас бар. Олар 20 тамыздан бастап 11 қыркүйек арасында стационарға түсті. Оның ішінде 5 науқас емделіп, стационардан шықты. Қалған науқастардың жағдайы орташа деңгейде. Ауыр түрлері жоқ", – деді Ж.Бекшин.

 

Өзгелердің жаңалығы