Елімізде ЖІӨ 4 айда 4% өсті – министр

14 Мамыр 2019, 10:00
4086
Бөлісу:
Елімізде ЖІӨ 4 айда 4% өсті – министр

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Қазақстанда жалпы ішкі өнім қаңтар-сәуір айларында 4% өскен. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов айтты.

«Осы жылдың қаңтар-сәуір айларында жалпы ішкі өнімнің өсуі 4% өсті. Қаңтар-наурызда ол 3,8% құраған еді. Серпін өңдеу өнеркәсібі, қызмет көрсету саласын, құрылыс пен ауыл шаруашылығындағы даму тұрақты қарқындармен қамтамасыз етілген. Инфляция деңгейі жоспарланған дәліз көлемінде. Жыл басынан бері 1,8 болса, жылдық мәнде 4,9% құрап отыр. Инвестициялар серпіні жалпы ішкі өнімнің өсу қарқынынан асып түседі. Қазіргі кезде ол 6,7% құрап отыр. Әсіресе, ауыл шаруашылығы, құрылыс, өнеркәсіп салаларында инвестициялар өсу айтарлықтай байқалады», - деді Руслан Дәленов. 

Оның айтуынша, 4 айдың ішінде өнеркәсіп өндірісі 2,9% өскен. Өсу өңдеу өнеркәсібіндегі озық қарқындар есебінен қамтамасыз етілді. 

«Кен өндіру өнеркәсібінде өсудің баяулауы жалғасып жатыр. Өсу үш айдағы 4,8% көрсеткішке қарағанда 2,6% құрады. Мұндай үрдіске негізінен мұнай өндіру серпінінің теріс аймаққа ауысуы ықпал етті. Есепті кезеңде оның көлемі 1,1% қысқарды. Ал 1 тоқсанда 2,7% деңгейінде өсу болған. Төмендеу сәуір айында Қашаған кен орнында мұнай өндірудің қысқаруымен байланысты. Жүргізіліп жатқан жоспарлы-алдын алу жұмыстары салдарынан болды. Өндеу өнеркәсібінде өсуге бағытталған тренд сақталып отыр. 4 айда шығарылым 3,5%-ға дейін ұлғайды. 1-тоқсанда өсу 1,6% құраған еді»,- деді министр.


Өзгелердің жаңалығы