Елімізде COVID-19 диагнозымен 3 164 бала тіркелген – вице-министр

4 Қараша 2020, 17:50
1977
Бөлісу:
Елімізде COVID-19 диагнозымен 3 164 бала тіркелген – вице-министр
Фото: Бауыржан ЖУАСБАЕВ

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі.  Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен «Пандемия кезінде ана мен бала денсаулығын қорғауға» қатысты онлайн брифинг кезінде Денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Ғиният айтты. 

Вице-министрдің айтуынша, COVID-19 пандемиясы кезеңінде балалардың денсаулығын сақтау Қазақстан денсаулық сақтау жүйесінің басым бағыты болып отыр.
 

Күн сайын жаңа туған нәрестелер мен коронавирустық инфекциясы бар балалар жағдайына мониторинг пен бақылау жүргізіледі. 2020 жылы республикада COVID-19 диагнозы расталған барлығы 3164 бала тіркелген. Оның 114-і жаңа туған нәресте. COVID-19 диагнозы зертханалық расталмаған КВИ (-) бойынша 1810 бала тіркелген. Балаларда COVID-19 инфекциясынан өлім-жітім болған жоқ, - деді Ғиният.
 

Оның айтуынша, коронавирустық инфекцияның ағымы балалардың 85%-да немесе 2697 балада симптомсыз және жеңіл түрде өтті, 14,2%-да (448 бала) аурудың орташа деңгейі байқалды және 19 балада ауыр түрде көрінді. Бұл барлық жағдайлардың 0,6%-ын құрады. Балалардың барлығы стационарлық жағдайда емделді. 
 

Бүгінгі күні COVID-19 бар 340 бала бақылауда, оның ішінде 3 жаңа туған нәресте (оның 2-еуі Шығыс Қазақстан облысында, 1-еуі Қостанай облысында), 28 күннен 18 жасқа дейінгі балалар саны - 337, емдеуге жатқызылғандар - 55 (16,2%), амбулаториялық емдеуде – 285 (83,8%), - деді вице-министр.

Өзгелердің жаңалығы