Бас жаңалықтар
Еліміз БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі кеңесіне сайлауға қатысуға өтінім берді
14 Қыркүйек 2021, 22:21 98

Еліміз БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі кеңесіне сайлауға қатысуға өтінім берді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. БҰҰ-ның Женевадағы штаб-пәтерінде ұйымға мүше мемлекеттердің дипломатиялық өкілдіктерінің қатысуымен ұлттық өтінімнің тұсаукесері өтті. Бұл туралы Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің баспасөз қызметі хабарлады.

Кеңес құрамындағы 18 орынға 2022-2024 жылдарға 18 ел үміткер болып отыр. Азия-Тынық мұхит аймағы мемлекеттерінен 5 орынға Үндістан, Қазақстан, Катар, Малайзия, Біріккен Араб Әмірліктері сияқты 5 ел өтінім берді.

Қазақстанның өтінімін Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары - ҚР Сыртқы істер министрі М.Тілеуберді ұсынды. Ол іс-шараға қатысушыларды жүргізіліп жатқан саяси реформалар, заңнамалық бастамалар, сондай-ақ құқықтық және адамгершілік бағыттағы мемлекеттік міндеттер мен басымдықтар туралы хабардар етті.

ҚР Адам құқықтары жөніндегі уәкілі Эльвира Әзімова іс-шараға Женевадағы БҰҰ бөлімшесі және басқа да халықаралық ұйымдар бойынша Қазақстанның Тұрақты өкілдігінің шақыруымен онлайн форматта қатысты.

Э.Әзімова дауыс беруші елдер өкілдерінің назарын кандидат мемлекеттердің, атап айтқанда Қазақстанның мынадай өлшемдеріне аударды: саяси әлеуеттің орнықтылығы, БҰҰ-ның жүйелі бастамаларын ілгерілету перспективасы, құқық қорғау институттары мен азаматтық сектордың өңірлік әлеуеті, БҰҰ институттарымен және органдарымен бірлесіп өңірлік және халықаралық жобаларда тең әріптестіктің елдік әлеуеті.

Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Кеңеске мүше болу Қазақстанды өңірлік бастамаларды ілгерілетуге ғана емес, қабылданған міндеттемелерді орындаудың сапалы деңгейіне шығаруға ынталандыратынын атап өтті.

БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі кеңесіне сайлау нәтижелері 2021 жылдың қазан айының ортасында белгілі болады деп күтілуде.


Фото: ашық дереккөз
Загрузка...