Елбасы кітапханасында «Құрсауда қалған виолончель» көрмесі ашылды

30 Сәуір 2019, 22:09
2496
Бөлісу:
Елбасы кітапханасында «Құрсауда қалған виолончель» көрмесі ашылды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасында Санкт-Петербург мемлекеттік театр және музыка өнері музейі қорының көрмесі ашылды.

Іс-шара «Мәдениет арқылы үнқатысу» халықаралық жобасының аясында «Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығы» АҚ және StagePro компаниясының белсенді қолдауымен ұйымдастырылып отыр. Көрме Лениниград құрсауын бұзудың 75 жылдығына арналған.

"Ленинградтың тарихи оқиғасын сөз етерде шаһар қорғаушыларының ержүректігі, сұрапыл кезеңдегі еңбекқорлығы еске түседі. Құрсауға алынған тұрғындар жауынгерлік рухтың, мызғымас қайрат пен төзімділіктің үлгісін көрсетті. Олар еңбек етіп, күн көріп қана қоймай мәдени мұраның, әлемдік өнердің қайталанбас қазынасын қалдырды. «Құрсауда қалған виолончель» көрмесі бұл сөздердің айқын дәлеліне айналып отыр", - деді Елбасы кітапханасының директоры, саясат ғылымдардың докторы, профессор Әмірхан Рахымжанов.

Шараға 110 жылдық тарихы бар Санкт-Петербург мемлекеттік театр және музыка өнері музейінің директоры Наталья Метелица да қатысты.

"Санкт-Петербург мемлекеттік театр және музыка өнері музейінің шағын көрмесі бүгін Қазақстанда алғаш рет ашылып отыр. Жарты миллионға жуық жәдігерлеріміздің арасынан біз қос ұлттың ортақ тағдырынан сыр шертетін жәдігерлерді алып келдік. Ленинград түбіндегі шайқастың аяқталғанына биыл 75 жыл. Сұрапыл соғыстың көрінісін көзбен көрген қандастарымыздың саны көп. Жанарға жас, самайға ақ түсірген соғысты бейнелейтін жәдігерлер де аз емес. Ол кезеңде тұрғындармен бірге театрлар да қаладан көшіріліп жатты. Белгілі бір себептерге байланысты қалада қалған адамдар блокадалық театр құрды. Оның 1943 жылғы афишасын бүгінгі көрмеден көруге болады. Құрсау тұсында жасалған бірегей виолончель де келушілердің назарына ұсынулы тұр. Мұндай жәдігерлер елге деген сүйіспеншілік пен өнерге деген құлшынысты бейнелейді, - деді Наталья Метелица.

«Құрсауда қалған виолончель» көрмесінде трагедиялық дәуірдің образдарын бейнелейтін кескіндеме, фотосурет коллекцияларынан және музыкалық бұйымдар ұсынылды. Көрермендер назарына кәсіби суретшілер емес, жас ленинградтықтардың қолынан туындаған блокадалық кезеңнің графикасы көрсетілді.

Әлемге әйгілі «Құрсауда қалған виолончель» көрменің орталығына қойылды. Шебер Алексей Ушаков виолончельді блокадалық Ленинградта 1941 жылы құра бастады. Жұмыстың аяқталуына соғыс кедергі болды. Блокада кезінде виолончель бүлінгендіктен, іздері қазіргі күнге дейін көзге түсерлік. Шебер аспапты 1956 жылы аяқтады. Ол музыкалық аспаптардың ленинградтық коллекциясына түсті. Қазірде қайта жөнделген виолончельді жас әрі белгілі музыканттар тартады.

Ленинградты оқшаулау тақырыбы, «тұтқындардың» трагедиялық тағдыры қазақстан халықына өте жақын. Блокада қаһармандарын еске алу мүмкіндігі ақын Жамбыл Жабаевтың «Ленинградтық өренім!» өлеңінде көрініс тапқан. Тұрғындар мен қала қонақтары көрменің бірегей материалдарымен мерекелер қарсаңында, сондай-ақ мамыр айының соңына дейін таныса алады.

Өзгелердің жаңалығы