Бас жаңалықтар
Кадиша Оспанова: «Елбасы ХХІ ғасырдың қаласын салды
23 Наурыз 2019, 18:16 547

Кадиша Оспанова: «Елбасы ХХІ ғасырдың қаласын салды

Қызылорда, BAQ.KZ тілшісі. Елбасы 21 ғасырдың қаласын – астанасын тұрғызды. Астананың атауы «Нұр-Сұлтан» болып өзгеруін қуанышпен қабылдаған “Nur Otan” партиясы Қарағанды облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары, облыстық мәслихат депутаты Кадиша Оспанова осындай пікір білдірді.

Оның айтуынша, жиырма жыл ішінде біздің астанамыз Ақмола облысы орталығынан халықаралық,экономикалық және саяси мегаполиске айналды.

«Елордамыз Астанаға Нұр-Сұлтан атауы берілді. Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығы шықты. Дәл уақытында қабылданған әрі өзекті өзгерісті толық құптаймын. Жиырма жыл ішінде біздің астанамыз Ақмола облысы орталығынан халықаралық,экономикалық және саяси мегаполиске айналды. Елордаға ат басын бұрған шетелдік сарапшылар және қонақтар Сарыарқа төріндегі қайталанбас сәулеттік шеберлікті, сұлулықты көріп тамсануда. Шындығында көрікті кескін-келбетімен, ифрақұрылымымен ерекшеленген заманауи һәм инновациялық қала. Мәселен, Бәйтерек, Хат Шатыр, Тәуелсіздік сарайы, Бейбітшілік және келісім сарайы секілді бірегей туындылар сәулет өнерінің тарихында алтын әріппен жазылып қалар сөзсіз. Мұның барлығы біздің Елбасының сарабдал саясатының, пайым-парасатының арқасында қол жеткізіліп отыр. Тұңғыш Президент ерен еңбек етіп, 21 ғасырдың қаласын – ажарлы астанасын тұрғызды», - деді “Nur Otan” партиясы Қарағанды облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары.

Сондай-ақ, Кадиша Оспанованың пікірінше, Астананың атауын ауыстырудағы идеологиялық астарға да назар аудару қажет.

«Дәлірек айтсақ, бұл – Еуразия төрінде қоныс тепкен жаңа қала арқылы мемлекет қауіпсіздігін қамтамасыз ету, Қазақстанның бейбітсүйгіштікке негізделген саясатын, ішкі және сыртқы саясатты айшықтау, «Қазақстан Стратегиясы – 2050», әлемнің дамыған отыз елінің қатарына қосылу, елдің әл-ауқатын көтеруге бағытталған міндеттердің, мемлекеттік бағдарламалардың, жобалардың өміршеңдігін көрсету. Сайып келгенде, мұның бәрі Ұлт Көшбасшысы қалыптастырған елдегі тұрақтылық пен татулықтың одан әрі сақталуына, мемлекеттің әлеуетін арттыратын мақсаттың жалғасын табуына ықпал етеді», - деп атап өтті Кадиша Оспанова.


Фото: ашық дереккөз

Сізден жаңалық