Тараз, BAQ.KZ тілшісі. Көкпардан бүгінгі күннің ақырғы ойыны да өз мәресіне жетті. Кеше де СҚО құрамасын айқын басымдықпен ұтқан түркістандықтар бүгін Қызылорда құрамасын «шайнамай жұтты».
Кешегі ойын кестесінде Қызлорда облысының құрамасы демалған болатын. Тың күш, тың атпен айқасса да, Түркістанға төтеп бере алмады.
Ойынның алғашқы айналымының өзінде-ақ «Құлагер» командасы алаң тізгінін өз қолдарына алды. Осындайда әйгілі додапаз, көкпардың көкжалы атанған Әлкәйда Ләшкерұлінің «теке тасу» деген сөзі еске түседі. Сол айтқандай, Қызылорда облысының құрамасы Түркістанның тарландарына табандылықпен тойтарыс бере алмады.
Ойынның алғашқы айналымын 9:1-мен аяқтаған Ғани Ахметбаевтың шабандоздары екінші айналымды да еркін меңгерді.
Бұл ойындар алдағы уақытта өтетін республикалық, халықаралық, әлемдік чемпионаттарға ел құрамасын іріктеуге де үлкен мүмкіндік береді. Алла амандық берсе, биыл күзде Түркияның Бурса қаласында өтетін Дүниежүзі көшпенділер ойындары өтеді. Сол кезде де осы жолғы мықты ойын көрсеткен көкпаршылар іріктелетін болады. Тағы да қайталап айтамын, ойын мәдениетін меңгеріп, анайы сөз айтпай ойнауға дағдылану керек. Біз басқа спорт түрлеріне үлгі болуымыз керек. Себебі біз Ұлттық спорт деген статусты иеленіп отырмыз. Қазақстандағы өзге спорт түрлері бізге қарап бой түзесін. Қазақ ұлтының атынан шығып отырғандықтан біздің ойынның артында ұлттың мүддесі де тұрғанын айтқым келеді – деді бүгінгі ойынды аяқтаған чемпионаттың бас төрешісі Қуан Құрамаев көкпар командаларының жетекшілеріне.
Сонымен, екі команда арасындағы есеп – 17:2. Түркістан облысы құрама командасының пайдасына шешілді.
Ертеңгі ойын кестесі төмендегідей:
Аударыспақ. Финалдық белдесулер
Командалық аударыспақ
Көкпардан:
Жамбыл облысы құрамасы – СҚО құрамасы
Атырау облысы құрамасы – Қызылорда облысы құрамасы.