Ел азаматтары қайырымдылық қорларының жұмысына күмәнмен қарайды

12 Ақпан 2021, 16:58
1590
Бөлісу:
Ел азаматтары қайырымдылық қорларының жұмысына күмәнмен қарайды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Ел азаматтарының 42 пайызы қайырымдылық қорларының жұмысы мен онда жиналған қаражаттың мақсатты жұмсалатынына күмән келтірген. 

Бұл туралы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің Азаматтық қоғам істері комитеті төрағасының орынбасары Гүлбара Сұлтанова айтты.

Оның айтуынша, елде қайырымдылық ұйымдарының тізілімін құру және оны барлық қолданыстағы ақпараттық жүйеге біріктіру қажеттігі жөнінде ұсыныстар түскен. 

Осы мәселені қайырымдылық ұйымдардың қатысуымен талқылауға арналған жиын барысында ол халықаралық тәжірибені де мысалға келтіріп өтті.

Қайырымдылық қорлары жұмысының көрсеткіші бойынша көш бастап тұрған Жаңа Зеландия, АҚШ сияқты елдерді алатын болсақ, мұнда тұрғындардың қайырымдылық қорларына көптеп қаражат аударуы олардың жұмысының ашықтығымен байланысты. Мысалы Жаңа Зеландияда қайырымдылық қорларының реестрі бар, ол жерде елдегі заңды түрде жұмыс істейтін ұйымдардың атауы, қызметтік мақсаты туралы ақпарат кез келген азамат үшін қолжетімді. Сол сияқты олар сол жерде жұмсалған қаражат туралы есеп беріп отырады, - деді ол. 

Оның айтуынша, комитет өткен жылдан бері елде де осындай реестр құру жөніндегі мәселені талқылап келеді.

Осы сұрақты алматылық қайырымдылық қорлары және ұйымдары алдында көтерген болатынбыз. Әр түрлі пікірлер айтылуда. Біреулер керек, енді біреулер артық жұмыс деп есептейді. Бүгін де осы мәселені ортаға салып отырмыз, - деді ол.
Оның сөзінше, мұндай жаңашылдықты енгізбес бұрын барлық ұйым мен қордың пікірі ескеріледі. Реестр құрылмаған күннің өзінде, қайырымдылық қорларының жұмысын дамыту мен ашықтығын қамтамасыз ету жөніндегі бірыңғай шешімге келу қажет.
Өзгелердің жаңалығы