Бас жаңалықтар
«Эксимбанк Қазақстан» салымшыларына 95% астам өтемақы төленді
22 Ақпан 2019, 11:36 368

«Эксимбанк Қазақстан» салымшыларына 95% астам өтемақы төленді

Астана, BAQ.KZ. 20 ақпандағы есепке сәйкес, Қазпошта АҚ «Қазақстан Эксимбанкі» АҚ салымшыларына 250 млн теңге кепілдік өтем төледі. Бұл «Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры» АҚ-ның банк салымшыларының алдындағы міндеттемелерінің жалпы сомасының 95%-дан астам бөлігі, деп хабарлады «Қазпошта» АҚ баспасөз қызметі.

Жеке тұлғаларға және жеке кәсіпкерлерге арналған төлемдер 2019 жылдың 4 ақпанында басталып 4 тамызына дейін Қазпоштаның Астана, Алматы, Павлодар, Петропавл, Қарағанды қалаларындағы орталық операциялық учаскелерінде жалғасады.

«Біздің филиалдарда «Қазақстан Эксимбанкі» АҚ салымшыларына жедел қызмет көрсету үшін барлық қажетті жағдайлар жасалған. Кепілдікті өтеу өтініш берген күні дереу жүзеге асырылады», - дейді «Қазпошта» АҚ қаржы бизнесі департаментінің директоры Алина Джанқұлова.

Естеріңізге сала кетейік, Қазпошта «Эксимбанк Қазақстан» АҚ-дағы депозиттерге кепілді өтемақы төлейтін агент ретінде таңдалған болатын. Өтеу шоттардың қалдықтарының сомасы аясында, бірақ ең жоғарғы кепілдендірілген сомадан артық емес мөлшерде төленеді:10 миллион теңге – ұлттық валютадағы депозиттер бойынша, 5 миллион теңге – шетел валютасындағы депозиттер бойынша.

Бір салымшының «Қазақстан Эксимбанкі» АҚ-да теңгеде және шетел валютасында қатар орналасқан депозиттері бойынша 15 миллионға дейін жиынтықты өтеу төленеді.

Шетел валютасындағы депозиттерді өтеу теңгемен төленеді. Соманы есептеу үшін 2019 жылғы 16 қаңтарда белгіленген нарықтық бағам қолданылады.

Бұған дейін ҚР Ұлттық банкі «Эксимбанк Қазақстан» АҚ-ны мәжбүрлеп тарату туралы сот шешімі заңды күшіне енгенін хабарлаған болатын.


Сізден жаңалық