Екі қаладағы заңсыз шеруден 500-дей адам бөлімшеге жеткізілді – ІІМ

9 Маусым 2019, 21:25
2300
Бөлісу:
Екі қаладағы заңсыз шеруден 500-дей адам бөлімшеге жеткізілді – ІІМ

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Елорда мен Алматы қалаларында заңсыз шеруге шыққан 500-ге жуық адам полиция бөлімшелеріне жеткізілді. Бұл туралы Орталық сайлау комиссиясында өткен брифинг барысында ішкі істер вице-министрі Марат Қожаев мәлімдеді.

Қазір ел бойынша дауыс беру толық аяқталды. 

«Қазіргі уақытта барлық сайлау учаскелері жабық. Хаттамалар мен бюллетендерді одан әрі облыстық және орталық сайлау комиссияларына жеткізу кезінде олардың сақталуы қамтамасыз етіледі. Жалпы дауыс беру қалыпты және тыныш жағдайда өтті. Барлығы 9903 дауыс беру бөлімшесінде оқыс оқиға тіркелген жоқ, қоғамдық тәртіп сақталды», - деді ол.

ІІМ өкілі екі қалада заңсыз шерулердің болғанын және оған шыққан тұрғындардың полиция бөлімшесіне жеткізілгенін атап өтті.

«Сондай-ақ, еліміздің Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында заңсыз шерулер ұйымдастыру және қоғамдық жағдайды тұрақсыздандыру әрекеттері болды. Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында ішкі істер бөлімдеріне шамамен 500-дей адам жеткізілді. Мысалы, Нұр-Сұлтан қаласының Жастар сарайы ауданында Республика даңғылы бойынша көліктің алдын жаппақ болды. Араңдатушылар мен белсенді қатысушылардың әрекеттеріне жақын уақытта заңды баға беріледі. Полицейлердің әрекеттері туралы айтатын болсақ, барлық іс-шаралар заңға сәйкес жүргізілді. Құқықбұзушыларды ұстау кезінде арнайы құралдар қолданылған жоқ», - деді вице-министр.

Айтуынша, елордада 12 адам медициналық көмекке жүгінген. Сонымен қатар, желіде тарап жатқан полицей тұрғынды жарақаттады деген ақпарат жалған. Сонымен қатар, заңсыз шеру барысында полицейлер зардап шеккен.

«Желідегі полиция адамды жарақаттады деген ақпарат шындыққа жанаспайды. Алматы қаласында бірде-бір адам медициналық көмекке жүгінбеді. Нұр-Сұлтан қаласында 12 адам медициналық көмекке жүгінді. Шеруге шыққандардың ішінде адам өміріне қауіпті заттар қолданылды. Салдарынан 3 полиция қызметкері жарақат алды, олардың екеуі лақтырылған тастан зардап шекті және бір полицейді күйік шалды. Егер әрекеттер орын алып жатса, мұндай адамдардың тұлғасы анықталып, қатаң жазаға тартылады», - деп қорытындылады вице-министр.
Өзгелердің жаңалығы