Джиу-джитсуден Әлем кубогына қатысқан 5 қазақстандық алтынға қол жеткізді

12 Сәуір 2019, 12:35
3581
Бөлісу:
Джиу-джитсуден Әлем кубогына қатысқан 5 қазақстандық алтынға қол жеткізді
PHOTO

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстандық 5 спортшы Тайланда джиу-джитсуден студенттер арасында өткен Әлем Кубогында 5 алтын жүлдеге қол жеткізді. Жарыс 10-11 сәуірде елдің солтүстік астанасы Чанг-Май қаласында JJIF халықаралық джиу-джитсу федерациясының және FISU Халықаралық университеттік спорт федерациясының қамқорлығымен ұйымдастырылды, деп хабарлады Қазақстан Республикасының джиу-джитсу қауымдастығы. 

Джиу-джитсуден Әлем кубогына қатысқан 5 қазақстандық алтынға қол жеткізді

«Айта кетейік, 12 елдің мықтылары қатысқан беделді жарыста 5 спортшы Қазақстанның намысын қорғады. Бұл спортшылардың барлығы бәйге алып, Әлем кубогында алтынды қанжығасына байлады. Оның ішінде, Дархан Нортаев, Қуандық Қонысов, Галина Дуванова, Нұрсұлтан Дүйсенқұлов және Жәнібек Әбу-Бәкір бар. Бұл кәсіпқой спортшылардың әлеуеті зор. Олар өз шеберліктерін талай мәрте көрсеткен», - деді Нұр-Сұлтан қаласы Мәдениет және спорт басқармасының басшысы, Қазақстанның джиу-джитсу қауымдастығының президенті Болат Мажағұлов.

Джиу-джитсуден Әлем кубогына қатысқан 5 қазақстандық алтынға қол жеткізді

Әлем кубогы үш дисциплина бойынша өтті: Fighting, Ne-Waza және Duo- sistem.

Азия ойындарының жеңімпазы Дархан Нортаев 62 кг дейінгі салмақ дәрежесінде неваза-систем бөлімінде 4 кездесу өткізді. Спортшы барлық қарсыластарынан басым түсті. Жартылай финалда Дархан Нортаев БАӘ спортшысынан айласын асырса, ақтық сынды уақыттан бұрын аяқтады.

Сонымен қатар, дүбірлі додада неваза-систем бөлімінде 56 кг дейінгі салмақ санатында күш сынасқан Қуандық Қонысов та сәтті өнер көрсетті. Жерлесіміз Әлем кубогында өз шеберлігінің арқасында алтын жүлдеге қол жеткізді. Қуандық қарсыластарын сабмишпен (ауыртпа тәсілмен) жеңді.

Әйелдер арасында неваза-систем бөлімінде 57 кг дейінгі салмақ санатында елордалық Галина Дувановаға тең келер ешкім болмады, спортшы үздік техникасының арқасында барлық жекпе-жектерде таза жеңіске жетті.

Файтинг-систем бөлімінде 69 кг дейінгі салмақ санатында Нұрсұлтан Дүйсенқұлов пен 62 кг дейінгі салмақ дәрежесінде Жәнібек Әбу-Бәкір Қазақстанның құрамасының қоржынына тағы да жүлделер салды.

JJIF Джиу-джитсуден халықаралық федерация өкілдері Әлем кубогында өнер көрсеткен қазақстандық спортшылардың дайындығы мен шеберлігіне жоғары бағасын берді.

JJIF Джиу-джитсуден халықаралық федерациясының мәлімдеуінше, студенттар арасындағы Әлем кубогы аталған спорт түрін Дүниежүзілік универсиада бағдарламасына енгізудегі алғашқы қадам болып табылады. Айта кетейік, Қазақстан Республикасының джиу-джитсу қауымдастығы джиу-джитсуды және оның бағыттарын Қазақстан Республикасының университеттік спорт түрлері федерациясына енгізу бойынша келіссөздер жүргізуде.

Джиу-джитсуден Әлем кубогына қатысқан 5 қазақстандық алтынға қол жеткізді

Еске салайық, 19-23 маусымда еліміздің бас қаласы Нұр-Сұлтанда джиу-джитсуден Grand Prix Nur-Sultan Open халықаралық рейтингтік турнир өтеді. Жарысқа барша әлемнен 3000 аса спортшы қатысады деп күтілуде. Бұл қазақстандық джиу-джитсу тарихындағы ең ірі шара болмақ. Өткен жылы қараша айында Мальме қаласында (Швеция) 52 мемлекеттің ұлттық джиу-джитсу қауымдастығының қатысуымен өткен Халықаралық джиу-джитсу федерациясының қауымдастығында Grand Prix Nur-Sultan Open жарысын Қазақстанның астанасында өткізу туралы шешім қабылданған болатын.


Өзгелердің жаңалығы