Дүкенде ұрлық жасауға әрекеттенгендер енді жауапкершілікке тартылады

23 Мамыр 2019, 17:45
3262
Бөлісу:
Дүкенде ұрлық жасауға әрекеттенгендер енді жауапкершілікке тартылады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы бүгін Әділет министрлігінде өткен заң жобалау қызметі мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның 486-отырысында ҚР Бас прокурорының орынбасары Болат Дембаев айтты.

Отырыста Болат Дембаев «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қылмыстық және қылмыстық-процестік заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы заңының жобасының тұжырымдамасы бойынша баяндама жасады.

«Бұл заң жобасы комиссияның отырысында бұған дейін мақұлданған. 10 сәуірде өткен талқылау кезінде Әділет вице-министрі  Наталья Пан концепцияның аясын кеңейтуді тапсырған еді. Сосын 16 сәуірде түзету енгізілген концепцияны комиссияның отырысына әкеліп өткіздік. Біз жаңадан үш өзгерту қостық. 2015 жылдан бері жаңа қылмыстық кодекс күшіне енгеннен бері теріс әрекет етуге оқталғандарға жауапкершілік қарастырылмаған болатын. Бірақ, өмірде мұндай ұсақ жымқыру, ұрлау әрекеттері жиілеп кетті. Әсіресе, сауда орталықтарында білдіртпей, бір затты алып кетіп бара жатқандар кассада ұсталып қалады. Мұны енді ұрлық жасалды деп айтуға келмейді. Өйткені, орта жолда ұсталып қалғандықтан, жымқырған затын өз мақсатына пайдаланған жоқ. Сондықтан мұндай әрекеттер үшін ұсталғандарды ұсақ жымқыру бойынша жазалау әсте мүмкін болмай кетті», - дейді Болат Дембаев. 

Оның айтуынша, осыған байланысты сауда орындарының иелерінің наразылықтары да жетіп артылады. Мұндай әрекеттерімен тіпті 10-15 рет ұсталғандар да жеткілікті. 

«Енді, теріс әрекет жасауға оқталғандарды жауапкершілікке тарту ұсынысы ескерілді. Соған сәйкес оларға әкімшілік жаза қарастырылып, ірі көлемде айыппұл салынады», - деді ҚР Бас прокурорының орынбасары.

Өзгелердің жаңалығы