ДСМ қазақша таңбаланған инсулиннің Өзбекстанда сатылғанына қатысты пікір білдірді

16 Қаңтар 2019, 18:53
4013
Бөлісу:
ДСМ қазақша таңбаланған инсулиннің Өзбекстанда сатылғанына қатысты пікір білдірді

Астана, BAQ.KZ тілшісі. ҚР Денсаулық сақтау министрлігі фармация комитеті төрағасының орынбасары Нұрлыбек Асылбеков қазақша таңбаланған инсулин препаратының Өзбекстанда сатылуы жөніндегі сауалға жауап берді.

«Өзбекстанда инсулин сатылып жатқаны туралы ақпарат келді. «Аман-саулық» қоғамдық ұйымы бізге хабарласып, осындай хат түсті. Соған байланысты ДСМ құзыретті органдармен тексерісті бастап кетті. Былтыр жыл соңында хат түскен соң Өзбекстанның денсаулық сақтау министрлігіне тиісті хатты жолдадық. СІМ арқылы оларға осындай фактілер тіркелген жағдайда бізді хабардар ету туралы хат жібердік», - деді Асылбеков.

Министрлік мұндай ақпаратты 2018 жылдан бастап тегін дәрінің пациентке жетуі бойынша жүргізілген мониторинг нәтижесінде анықтаған.

«Мысалы, былтыр ақпаннан бастап тегін дәрінің халыққа жетуіне мониторинг жүргізіп, сол бойынша 16 аумақта тексерулер жүргіздік. Тексерулерге 51 денсаулық сақтау мекемесі қамтылды. Сонымен қатар қосымша 8 мыңға жуық пациенттен дәрі берілген-берілмегенін сұрадық. Бізде дәрімен қамтамасыз ету ақпараттық жүйесі бар. Соның қорытындысы бойынша тамыз айынан бастап бас прокуратурамен бірге тексерістер басталды. Оған аумақтық департаменттер қосылып тексеріс жүргізіліп жатыр. Тексеру бойынша 149 пациенттің дәрі алмағаны анықталды. Одан бөлек сол кездегі дәрілердің қоры бар екенін, ол дәрілердің берілмегені туралы тексерулер жүргізіліп жатыр», - деді ол.

Комитет төрағасының орынбасары бұл жұмыстар жемқорлыққа жол бермеу, дәрінің қолжетімділігін арттыру, тегін дәрінің сол пациентке жетуі бойынша жүргізіліп жатқанын атап өтті.

«Өзбекстанға байланысты тексеріс басталды. Хат жолданып, министрлік өз тарапынан денсаулық сақтау басқармаларына қосымша тапсырма берді. Олар аумақтық департаменттермен бірге 2017-2018 жылы инсулин дәрісінің айналымы бойынша салыстыру жүргізіп, бізге ақпарат беру керек. Сол бойынша әрі қарай жұмыс жасаймыз. Өзбекстан тарапынан бізге әлі ресми ақпарат келіп түскен жоқ. Хатты былтыр жыл соңында жіберіп қойдық. Ал біздің тексерістеріміздің қорытындысы осы айдың 25-інде шығуы тиіс. 1 ақпанға дейін толық ақпарат береміз», - деп мәлімдеді Асылбеков.

Инсулин препараты Қазақстан азаматтары тегін амбулаториялық көмек арқылы беріледі. 2018 жылы тегін амбулаториялық препараттардың бірі инсулинді сатып алуға 11 млрд жуық теңге, қосымша 4 млрд теңге таблеткаларға бөлінген. Облыстарға инсулин бірыңғай дистрибьютор «СК-Фармация» арқылы таратылады. Инсулинді ашқы саудада сатуға тыйым салынбаған.

Назерке Абибулла

Өзгелердің жаңалығы