Бас жаңалықтар
"Домбыра" фильмі Испанияда өткен фестивальде жүлдеге ие болды
08 Сәуiр 2020, 21:00 140

"Домбыра" фильмі Испанияда өткен фестивальде жүлдеге ие болды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысымен "Қазақфильм" киностудиясының "Дебют" шығармашылық бірлестігі түсірген "Домбыра" қысқаметражды фильмі Испанияда өткен Short Of The Year қысқаметражды фильмдер байқауының қысқы маусымында қазылар алқасының арнайы жүлдесімен марапатталды.  

Бұл туралы киностудияның баспасөз қызметі хабарлады. 

Картинаның режиссері – Рамазан Қалиолла. Картинаның желісі домбыраның құлағында ойнап, үлкен сахнада өнер көрсетуді армандаған Әсет есімді баланың өмірін баяндайды.

Short Of The Year фестивалі жылдың әр маусымында шығатын 4 шығарылымнан тұрады (қыс, көктем, жаз және күз). Әр маусымда ұзақтығы 30 минуттан аспайтын 50-ге жуық көркем, анимациялық, деректі, эксперименттік және музыкалық фильмдер бәйгеге түседі.

Фестивальдің "Ең үздік көркем/деректі/анимациялық/эксперименттік /музыкалық қысқаметражды фильм" сияқты ресми номинацияларынан бөлек қатысушылар "Қазылар алқасының арнайы сыйлығы" үшін сынға түседі. Осы жүлдеге ие болған кинотуындылар дүние жүзінде өтетін фестивальдерге тегін жолдама алады.

Айта кетсек, аталған кинотуынды былтыр Алматыда өткен IV Халықаралық Baiqonyr ISFF кинофестивалінің конкурстан тыс бағдарламасында көрсетіліп, «Бродвейдің таңдауы» сыйлығын алған. Сондай-ақ бұл фильм Нью-Дели қаласында өткен 8-ші Халықаралық қысқаметражды фильмдер кинофестивалінде (Delhi Shorts International Film Festival) «Үздік фильм» жүлдесін жеңіп алды. Сонымен қатар фильм Sensus ХКФ және 19-шы Kids First байқауына қатысқан болатын.


Фото: дереккөз
Загрузка...