Астана, BAQ.KZ тілшісі. Белгілі әнші Димаш Құдайберген жоспарларымен бөлісті Бұл туралы ол «Арнау» атты концерті жөнінде өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді.
«Әнші үшін жақсы композиторлармен жұмыс істеу өте маңызды. Осы орайда менің мансабымда, шығармашылық өмірімде жақсы композиторлар кездесіп жатыр деп айтуға толық негіз бар. Игорь Крутой ағамызбен жақсы музыкалық тандем болып жүрміз. Ол кісінің музыкадағы білімі туралы ұзақ әңгіме қозғауға болады. Өте сауатты, кәсіби үлкен жұлдыздармен жұмыс істейтін композитор. Игорь ағамыз шығарған бірнеше туындылар менің репертуарыма еніп жатыр. Уолтер Афанасьефф деген Титаник әні бойынша жұмыс жасаған тұлғамен шығармашылық байланыстамыз», - деді ол.
Әнші халық назарына әбден піскен, дайын нәрсені ұсынуды жөн санайтынын жеткізді.
«Өзіне немқұрайлы қарамайтын музыканттар қатарынан болған соң әрбір әнді шығармастан бұрын жүз ойланып, мың толғанамын. Ал сахнаға алып шығып орындап жүген әндерім композитордың ғана емес, менің де жүрегімнен өткен әндер. Ал ондай әндерді бірден кезіктіру өте қиынға соғады. Ондай әндерді іздестірудемін. Жазылып жатыр. Жақын арада менің ең алғашқы альбомым жарық көреді. Ырымшыл халықпыз, алда болатын мақсаттарды жайып салғанды жөн көрмейміз. «Любовь уставших лебедей» деген әнге жақын арада бейнебаян түсірілгелі жатыр», - деді Құдайберген.
Әнші 22 наурыз күні мемлекеттік «Кремль» сарайында өтетін Ресейдегі ең алғашқы жеке концерті туралы да айтты.
«Бұл концерттің бұрынғы концерттен өзгеше тұстары болады. Концерттік бағдарламаны жасаған кезде Қытайда, бірнеше қалада үлкен стадиондарда концерт өткіздім. Бірақ оны әр қалада, әр елде болатын концерттеріме кішкене бағдарламалық тұрғыда өзгеріс енгіземін. Сол себепті Ресейде өтетін концерттерімде жаңадан репертуарыма енгізіліп жатқан әндер қосылады», - деді ол.
Еске сала кетсек, Жастар жылы аясында Астана күніне Димаш Құдайберген «Арнау» атты концертін қояды.