Дара дауыс. Қазақстандағы контртенор әнші жайлы не білеміз?

4 Наурыз 2021, 19:29
5089
Бөлісу:
Дара дауыс. Қазақстандағы контртенор әнші жайлы не білеміз?
EX PHOTO

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Елімізде өзінің айрықша өнерімен әлем жұртын тамсандырып жүрген таланттар аз емес. Сондай дарынды өнерпаздың бірі де бірегейі – Батыржан Смақов. Ол еліміздегі жалғыз контртенор опера әншісі. Дарабоз дирижер. Кәсіби композитор. Дара дауыс иесі. Музыка мамандары мұндай дауыс әлемде сирек кездесетінін айтады. Сондай-ақ, ол 2018 жылғы «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпазы. 

Таяуда біз ерекше өнерімен дүйім жұртты өзіне қаратқан дарынмен кездесіп, аз-кем әңгімелескен едік. 

– Жасыратыны жоқ, сізді музыка мамандары жіті танығанымен, қарапайым жұртшылық біле бермейді. Елімізді айтпағанда, шетелдердің музыка майталмандары сіздің өнеріңізге таңдай қағады. Осы орайда BAQ.KZ оқырмандары да сіз туралы кеңірек білгісі келеді...

Вокзалда 8 жыл балмұздақ сатқан

– Сөзіңіздің астарын түсіндім. Шетелдерді мойындатып жүрген бұл кім дейтін шығар (күледі), сол себепті өзімді қысқаша таныстыра кетейін. Мен 1986 жылы Қарағанды қаласында қарапайым жұмысшылар отбасында дүниеге келдім: анам тігін фабрикасында жұмыс істеді, ал әкем шахтер болды. Шығармашылыққа бала кезімнен әуес едім. Әсіресе, ән салғым келді: далаға шығып, ән салдым, достарым мен туыстарым үшін ән салдым, содан кейін мектепте үлкен сахнасы бар акт залын көрдім, ол жерде өнер көрсету – бұл менікі екенін түсіндім. Балалық шағым оңай болған жоқ, жастайымнан жұмыс істедім. Әлі есімде, 11 жасымда темір жол вокзалында балмұздақ саттым. Жұмысты мектептегі оқумен біріктіру қиын болды, бірақ мен сонда да жұмысымды тастамадым. Ерте жастан бастап ақша табуды, тәуелсіз болуды үйрендім. Мен вокзалда шамамен 8 жыл жұмыс істедім, көптеген адамды, олардың тағдырын көрдім... Осылайша, мен тез есейдім.

Дара дауыс. Қазақстандағы контртенор әнші жайлы не білеміз?

Қазақ ұлттық өнер академиясында білім алдым. Содан соң әлемге танымал опера әншісі Алла Симонишвилидің кеңесімен италиян тілін үйренуге ден қойдым. Кейін, 2011 жылы Озимо (Италия) қаласындағы опера академиясына оқуға түстім. Арада 3 жыл өткен соң Джоаккино Россини атындағы консерваторияның магистратурасын үздік дипломмен аяқтап шықтым...

– Қанша тілде ән саласыз?

– Алты тілде.

– Бәрекелді! Білуімізше, контртенор деп операда ең жоғары дауыс иесін атайды екен.

– Иә, контртенор – операда ән салып жүрген ер азаматтардың ішіндегі ең жоғары дауыс болып есептеледі. Бойымдағы осындай ерекше қабілетімді байқаған ұстазым Алла Симонишвили Қазақ ұлттық өнер университетінде оқып жүргенімде-ақ Италияда білімімді шыңдауға ақыл-кеңесін беріп, жол сілтеді. Ол үшін, әрине, тіл үйрену керек болды. Дәл осы ұстазым Озимодағы академияға түсуге бармас бұрын мені Тбилисиде орналасқан шеберлік сабағына шақырды.

«Италия көптеген жұмыс ұсынды...»

– Кімдерден дәріс алдыңыз?

– Озимо қаласының Опера өнері академиясында оқып жүргенде жеке ән айту класы бойынша Алла Симони, Анна Ванди, Райна Кабаивански, Лелла Куберли, Стефано Демикелли, Антонио Юварра, Харриет Лоусон, Алессандро Бениньи, Кристина Маццавилани-Мути, Джанни Тангуччи, Уильям Матеуцци, Альберто Дзедд, Джемм Бертаньоли сынды профессорлардан дәріс алып, шеберлігімді шыңдадым. Олар менің орта ғасырлардағы операларды шырқауға қабілетім бар екенін айтатын. Бүгінде елімізде көп шырқала бермейтін, бірақ Еуропада аса зор сұранысқа ие көне музыкаларды орындап жүрмін. Жалпы бұл стильде ән айтатын әнші өте сирек. Маған Италияда бірнеше жұмыс ұсынды. Бірақ мен 2017 жылы оқуымды аяқтаған соң туған еліме біржола оралуды жөн санадым. Осылайша, шетелдегі кәсіби мамандардан алған білімім мен тәжірибемді өз елімнің өнеріне жұмсауды парызым деп санадым.

– Қандай байқауларға қатыстыңыз?

– Халықаралық бірнеше байқауға қатыстым. «Санкт-Петербург Гран-Приі» және Турин қаласында өткен «Concorso della Musica Sacra» байқауларының лауреатымын. 2016 жылы Сирия балаларына көмек көрсететін бірқатар қайырымдылық концертімнен кейін «ЮНЕСКО әлемі үшін әртіс» атағын алдым.

– Бүгінде қайда қызмет істейсіз?

– Өзімнің ұшқан ұям – Қазақ ұлттық өнер университетінің оқытушысымын, осы оқу орнының Аралас хорының көркемдік жетекшісі және дирижері, «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымының солисі, «Астана Опера» театрының шақырылған солисі, сондай-ақ, Италиядағы «Coro lirico Perla Verde» хорының шақырылған дирижері қызметтерін қатар атқарамын.

– Шетелдерде концерттер қойдыңыз ба?

– Иә, әлемнің көптеген елінде, соның ішінде Италия, Грузия, Франция, Мысыр, Иордания, Ресей, БАӘ, Польшада жеке шығармашылық концерттерімді өткіздім.

Дара дауыс. Қазақстандағы контртенор әнші жайлы не білеміз?

«Елбасы «даусың ерекше екен» деді»

– Елімізде классикалық музыканың даму беталысына қандай баға бересіз?

– Қазақстанда классикалық музыка мектебі белсенді дамып келеді деп айта аламын. Әсіресе, бүгінгі таңда композиторлық мектеп белсенді даму үстінде. Жақында біз ғылыми презентация жасап, хормен дирижерлік жамсау бойынша 11 жаңа ноталық жинақ шығардық. Жалпы, классикалық музыка дамып, жаңарады деп есептеймін.

– Қателеспесем, 2018 жылы «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасында топ жардыңыз...

– Әрине, бұған дейін де бірнеше шетелдік марапатқа ие болдым ғой. Өнер адамына кез келген марапат бағалы болады. Бұл шығармашылық адамының шабытына шабыт қосып, жаңа биіктерге ұмтылуға сөзсіз әсер етеді. Дегенмен атақ пен даңқ адамға, әсіресе, өнер адамына зор жауапкершілік жүктейтін секілді. Бұл сезімді «Қазақстанның 100 жаңа есімі» қатарына қосылғалы сезіне бастадым. Тұңғыш Президентімізбен кездесіп, Елбасының алдында ән шырқағанымда ерекше толқыдым.

– Онда қандай ән орындадыңыз?

– Абай атамыздың «Көзімнің қарасы» әнін айттым. Әнімді тыңдаған Елбасы «Дауысың ерекше екен» деді. Әрине, бұл – менің өнеріме берілген жоғары баға ғана емес, сонымен бірге, зор сенім деп есептеймін.

Адам, ең бастысы, өз күшіне сенуі және өзін үнемі жетілдіріліп отыруы қажет деп есептеймін. Сонда қоғамымыздың белсенді азаматы боламыз.

Дара дауыс. Қазақстандағы контртенор әнші жайлы не білеміз?


Өзгелердің жаңалығы