Данияр Елеусінов – Головкин бұл ісімен өзіне жақсылық жасап отырған жоқ

22 Мамыр 2019, 15:53
3916
Бөлісу:
Данияр Елеусінов – Головкин бұл ісімен өзіне жақсылық жасап отырған жоқ

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Кәсіпқой бокс әлемінде қызу талқыға түсіп жатқан тақырыптың бірі – алдағы 8 маусымда өтетін Головкин-Роллс арасындағы бокс кешінің андеркардында шығуы тиіс Данияр Елеусіновтің тізімнен сызылып қалуы. Олимпиада чемпионы осы жағдайға байланысты өз пікірін білдірді.

Боксқа арналған AllFight.Ru сайтының бас редакторы Данияр Елеусіновтен сұхбат алып, нақты себебін сұраған екен. 

«Cоңғы сәтке дейін 8 маусымдағы бокс кешінде жұдырықтасамын деп ойладым. Қазақстандық жанкүйерлер үшін бұл жақсы қадам болар еді. Бір кеште бірнеше отандасымыздың шаршы алаңға шыққанын көру жанкүйерлерге қуаныш деп ойлаймын. Алайда, менің жекпе-жегімнің уақыты өзгеріп кетті. Енді, жоспарланған уақыттан ерте кездесу өткіземін. Соған байланысты шұғыл түрде салмақ қууға тура келеді. 8 маусымда менімен шығуы тиіс боксшы 25 мамырда жекпе-жекке шыға алмайды. Енді қарсылас та ауысады. Спаррингтік кездесулерді де ерте бастаймын», - дейді боксшы. 

Данияр Елеусінов Головкин арқылы жарнама жасауды көздемегенін және оның бұл әрекеті дұрыс болмағанын айтып отыр. 

«Қандай жағдай болса да бәріне салқынқанды қараймын. Осының бәрін жақсылыққа жоримын. Мен жеңіске жетуден үміттімін. Әрине, белгіленген мерзімнен екі апта бұрын шығу – жағымсыз екені рас. Кейбіреулер мені «GGG арқылы атағын аспандатқысы келеді» деп жүрген болар. Шын мәнінде, бұл маған қажет емес. Бұл болып жатқан шынайы жағдай. Менің өз аудиториям, жанкүйерлерім және Қазақстан халқы бар. Маған мұндай арзан пиардың керегі жоқ. Ол туралы жағымсыз ештеңе айтқым келмейді. Ондай ойым да болған емес. Меніңше, Головкиннің бұл ісі болмады. Өзіне де осы әрекеті жақсылық әкелмейді. Соған қарамастан, оған сәттілік және алдағы кездесуінде жеңіс тілеймін. Оның сөзінен түсінгенім, менің БАҚ өкілдерінің біріне берген сұхбатымдағы пікірге ренжіп қалған тәрізді. Бірақ Нью-Йоркте кездескен кезімізде ренішін маған тіке айтса болар еді ғой. Менде бәрі жақсы, оған ренжімеймін. Дәл қазір 25 мамырдағы жекпе-жегіме дайындалып жатырмын», - дейді Елеусінов. 

Олимпиада чемпионы өзінің орнына өнер көрсетуге Головкиннің өзбекстандық Мадридовты таңдауы тіптен қызық жағдай деп бағалайды. 

«Ол жақсы жігіт, өте мықты боксшы. Әуесқой бокста мен оны екі рет жеңгенмін», - дейді Данияр.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, қазақстандық кәсіпқой боксшы Данияр Елеусінов 8 маусымда өтетін Геннадий Головкин мен канадалық Стив Роллс арасындағы жекпе-жектің андеркардына шықпайтын болды. GGG Данияр Елеусіновтің орнына өзбек боксшысын таңдады. 
Өзгелердің жаңалығы