Бас жаңалықтар
«Далалық Еуразия төсіндегі Сарыарқа мұрасы» монографиясы жарық көрді
16 Қаңтар 2021, 10:13 424

«Далалық Еуразия төсіндегі Сарыарқа мұрасы» монографиясы жарық көрді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ұлттық музейде «Далалық Еуразия төсіндегі Сарыарқа мұрасы» атты ұжымдық монографияның тұсауы кесілді.

Кітапта Сарыарқаның батыс бөлігінде орналасқан Саба қорымындағы археологиялық қазба жұмыстары нәтижесінде алынған қола дәуірінен халықтардың ұлы қоныс аударуына дейінгі тұрғындардың сәулеті, жерлеу салты, дүниетанымы, қару-жарағы, мәдениеті мен шаруашылығы туралы жаңа мәліметтер берілген. Сонымен қатар Сарыарқаның бірегей тарихи және мәдени ескерткіштерінің ЗD-үлгілері мен векторлық карталары дайындалып, кітапқа енгізілген.

Сондай-ақ, монографияда Сарыарқа аумағында жүргізілген далалық этнографиялық және музыкалық-фольклорлық экспедициялар барысында алынған материалдық емес мәдени мұралар бойынша жаңа нәтижелер берілген. Қазақтардың музыкалық-фольклорлық мұрасын зерттеу барысында жазылып алынған 310 халық шығармасы (ән, күй, эпос, жарапазан, жоқтау, сыңсу, қара өлең, бәдік өлең), материалдық емес мәдени мұраның 40 мұрагері туралы мәліметтер мен 55 ұлттық тағам түрінің рецептурасы жарияланған. 

Шара аясында аталмыш еңбектің авторлары өздерінің жүргізген зерттеулеріне баяндама жасап, кейін арнайы қатысушы мамандар арасында талқылау жұмыстары жүргізілді.

Атап айтсақ, тарих ғылымдарының докторы Зайнолла Самашев, тарих ғылымдарының докторы, профессор Жамбыл Артықбаев, география ғылымдарының докторы, профессор Қуат Сапаров, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Марал Хабдуллина, күйші, музыкатанушы, профессор Жанғали Жүзбай және т.б. арнайы шақырылған белгілі мамандар аталмыш туындыдағы маңызды мәселелерге қатысты өздерінің ой-пікірлерін білдіріп, ұсыныстарымен бөлісті.


Фото: дереккөз
Загрузка...