COVID-19. Әлемде 31 млн-нан астам адам жұқтырып, 3 млн-нан астамы қайтыс болды

18 Сәуір 2021, 20:31
1906
Бөлісу:
COVID-19. Әлемде 31 млн-нан астам адам жұқтырып, 3 млн-нан астамы қайтыс болды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Әлемде коронавирус инфекциясын жұқтырып, салдарынан қайтыс болғандар саны 3 миллионнан асты. Бұл вирус жұқтырғаны расталған 140 миллион адамның 2 пайызын құрайды.

Қазір коронавирустан барлығы 18 миллион адам емделіп жатыр. Оның 106 мыңының халі нашар. Тіркелген науқастардың жалпы саны (31,3 миллионнан астам) мен аурудан қайтыс болғандар жөнінен (563 мыңға жуық) бірінші орында АҚШ тұр. Ауруды бақылау және алдын алу орталығының мәліметінше (Center for Disease Control and Prevention, CDC), елде барлығы 206 миллион адам екпе алған. Оның 82,4 миллионы (халықтың 24,8 пайызы) толық вакциналанған, 129,4 миллионы (39 пайыз) вакцинаның кемі бір дозасын алған. Бірақ осыған қарамастан коронавирус жұқтырушылар саны көбейіп барады. CDC дерегіне қарағанда, бір күнінің ішінде (16 сәуір) 76,6 мың науқас тіркелген.

Індеттен қатты зардап шеккен Бразилия, Үндістан және Франция секілді елдер де қайта өршіген індеттің бетін қайтарумен әлек.

Джонс Хопкинс университетінің мәліметінше, кейінгі аптада дүние жүзі бойынша 12 мыңнан астам өлім тіркелген. Вирус жұқтырғандар саны да күн сайын артып келеді. Қазір күніне шамамен 700 мың адам коронавируспен тіркеліп жатыр. Бұдан індеттің тарауы бәсеңдемегенін аңғаруға болады.

16 айдан кейінгі жағдай мұндай болмауы керек еді - деді ДДСҰ өкілі Мария ван Керхове.

Бразилияда күніне 3 мыңға жуық адам қайтыс болып жатыр. Аурудан қайтыс болып жатқан әрбір төрт адамның бірі осы елдің үлесінде. Мұнда кей зираттарда түнгі ауысым пайда болған, себебі көр қазушылар мәйіт жерлеп үлгере алмай жатыр.

Ұлыбританияда халықтың 60 пайыздан астамы вакцинаның кемі бір дозасын алған. Бірақ елде осыған қарамастан аурудан күн сайын 30-ға жуық адам қайтыс болады.

Францияда 6 мыңға жуық науқас интенсивті терапия бөлімінде емделіп жатыр. Мұндай көрсеткіш індет басталғалы болмаған.

Жапонияда індеттің өршуі Олимпиада ойындары тағы шегерілуі мүмкін деген қауесеттің тарауына әкелді. Елде екпе алып үлгергендер халықтың 1 пайызына да жетпейді. Бірақ 124 миллион халқы бар Жапония коронавирустан салыстырмалы түрде аз зардап шеккен елдер қатарына жатады. Індет басталғалы елде барлығы 525 мың науқас, 9 584 өлім тіркелген.

Өзгелердің жаңалығы