Көпбалалы ауылдықтардың бизнес-идеясына қайтарымсыз 505 мың теңге грант берілетін болады

21 Сәуір 2019, 09:54
6771
Бөлісу:
Көпбалалы ауылдықтардың бизнес-идеясына қайтарымсыз 505 мың теңге грант берілетін болады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жанындағы жұмыс тобы аз қамтылған және көпбалалы отбасыларды қолдау бойынша ұсыныстар әзірледі.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев азаматтардың өмір сүру сапасын жақсарту және табысын арттыру бойынша ұсыныстар әзірлеу жөніндегі жұмыс тобының 10-шы отырысын өткізді. Бұл туралы ведомствоның баспасөз қызметі хабарлады.

Отырысқа Денсаулық сақтау вице-министрі Л. Ақтаева, Білім және ғылым вице-министрі Э. Суханбердиева, Ұлттық экономика вице-министрі М. Жүнісбекова, ауыл шаруашылығы вице-министрі А. Сапаров, Құрылыс және ТКШ істері комитетінің төрағасы М. Жайымбетов, МҚІСЖҚА төрағасының орынбасары А. Шаимова, Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Н. Нұркенов, ҚР ІІМ Көші-қон қызметі комитеті төрағасының орынбасары Г. Сәрсенова, журналист Сәуле Әбединова, "Ақжүніс" қорының елордалық бюросының жетекшісі Мейрамхан Жапек, қоғамдық бірлестіктер мен көпбалалы отбасылардың өкілдері, бастамашыл топтар қатысты.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Светлана Жақыпова жұмыс тобы әзірлеген ұсыныстарды, атап айтқанда, 18 жасқа дейінгі балаларға әлеуметтік қолдаудың кейбір шараларын оңтайландыру арқылы жәрдемақы енгізу туралы айтты. Сондай-ақ көпбалалы аналарды және мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған аналарды зейнетақымен қамтамасыз ету, АӘК тағайындау кезінде жалпы кірісті есептеу әдістемесін өзгерту, күнкөріс минимумының құрылымын қайта қарау, көпбалалы ана мәртебесін растайтын куәлік беру және басқалары бар.

Жұмыс тобының бірқатар ұсыныстары өз шешімін тапты. Атап айтқанда, Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың "Еңбек" мемлекеттік бағдарламасына түзетулер дайындалды. Мәселен, жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету және табысын арттыру үшін көпбалалы ауылдықтарға жаңа бизнес-идеяларға қайтарымсыз 505 мың теңге мөлшерінде мемлекеттік гранттар берілетін болады. Биылғы жылы ауылда көпбалалы аналар мен мүмкіндігі шектеулі жандар арасында кәсіпкерлікті дамытуға 5 мыңнан астам микрокредит бөлінеді.

Сонымен қатар, көпбалалы аз қамтылған ауылдық отбасылар үшін қажетті мамандықтарға қысқа мерзімді оқыту ұйымдастырылады. Жекелеген жұмыс түрлері бойынша жалақыны субсидиялаумен үйде әлеуметтік жұмыс орындары құрылатын болады.

Барлық айтылған ұсыныстар егжей-тегжейлі қаралып, тиісті шешімдер қабылданады.

Сондай-ақ, министрлік әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға жергілікті атқарушы органдар тарапынан көрсетілетін әлеуметтік көмек пен қызметтердің бірыңғай пакетін әзірледі. Әлеуметтік пакетте жергілікті атқарушы органның қаражаты есебінен әлеуметтік қолдау және әлеуметтік қызметтер көрсетудің 11 шарасы қамтылған.

Әкімдіктердің мәліметінше, 2019 жылы 287 мың бала мектептерде тегін тамақпен, 553 мың адам тегін жол жүрумен, 219 мың оқушы мектеп формасымен және керек–жарақтармен, 30 мыңға жуық бала балабақшаларда орынмен қамтамасыз етіледі, 186 мың бала лагерьге жолдама алады. 460 мыңнан астам адам бір жолғы көмек алады, 5 мың АӘК алушы жұмыспен қамтылады, 5 мың адам тұрғын үй құрылыс жинақтары жүйесі арқылы тұрғын үй жағдайын жақсартады. Жалпы әлеуметтік көмектің барлық түрлерімен 83,1 млрд теңгеге 821 мың адамды қамту жоспарлануда.

«Көптеген мәселені шешу зерттеу мен уақытты талап етеді, олардың барлығы бірте-бірте шешіледі. "Нұр Отан" партиясының съезінде айтылған Елбасының "Әлеуметтік қамқорлық" бастамалары кешенді сипатқа ие, азаматтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған ұзақ мерзімді мақсаттармен байланысты. Қабылданған шаралар-бұл тек бірінші кезең. Министрлік осы бағытта жұмыс істеуді жалғастыруда», - деді Бердібек Сапарбаев.

Мемлекеттік органдардың басшылары аз қамтылған отбасыларды қолдауға бағытталған шаралар, олардың көтерген мәселелерін шешуге бағытталған шаралар туралы егжей-тегжейлі баяндап, сондай-ақ отырысқа қатысушылар қойған сұрақтарға жауап берді.

Отырысты қорытындылай келе, Б. Сапарбаев халықтың аз қамтылған топтарын қолдау мемлекеттің әлеуметтік саясатының басты басымдықтарының бірі болып табылатынын атап өтті. Осыған байланысты, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Мемлекеттік органдардың қабылданатын әлеуметтік шараларды орындауына тұрақты негізде мониторинг жүргізетін болады.


Өзгелердің жаңалығы