Біз халық атынан талап етеміз! Жазушы министрге хат жолдады

16 Шілде 2020, 06:22
2223
Бөлісу:
Біз халық атынан талап етеміз! Жазушы министрге хат жолдады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Жазушы, ҚР Жазушылар одағы басқарма мүшесі Құлбек Ергөбек ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цойға әлеуметтік желі арқылы үндеу жолдады.

ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой мырза! Түркістанда Қ.А.Ясауй атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің өз клиникасы бар, клиника қызметі Қазақстан - Түркия екі ел арқылы қадағаланатын біздегі аналогі жоқ жалғыз жоғары оқу орны! Пандемия уақытында бүкіл қала халқына аянбай қызмет етті! Талай сырқаттың жанына араша түсе алды. Сөйткен ХҚТУ клиникасы біраздан бері жоспарлы (өзіне тиісті) дәрі-дәрмегін заказ беріп ала алмай отыр! Дәрі-дәрмек табу қиын күндерде дәріні халыққа жеткізіп берудің орнына қоймаға тығып ұстап отырған, таратса да үстеме бағамен сатып, жемқорлық жолына түскен қаскүнем "СК Фармация" мен "Фармация" (екі қор) арқылы берілсе керек! Ал, олар ХҚТУ жоспарлы өтініміне (заявка) тек "Дәрі дәрмек жоқ" деген бір ауыз сөзбен жауап беріп келе жатқалы біраз уақыт, – деп жазды Құлбек Ергөбек.

Ол Президент дәрі-дәрмек болады дегенін, әрі бұл сөзді Цойдың сөзіне сеніп уәде бергенін айтады.

Президентті өтірікші қылдыңыз министр мырза! Елдегі жағдай әлі тұрақтанған жоқ! Қоймадағы дәрілер таратылып жатқан шығар. Шет елден көмек көптеп келіп жатқанын көріп, біліп отырмыз. Сонда ХҚТУ-дың жоспарлы дәрі-дәрмегі қайда? Неге мына қысылтаяң сәтте қамтамасыз етілмейді? Шынына келгенде, ол бұхара халықтың страхования арқылы төленген өз қаржысына берілетін дәрі-дәрмек қой! Біз халық атынан талап етеміз! Журналист ретінде аяғына дейін "соғысатын" боламын, министр мырза! – дейді жазушы Құлбек Ергөбек.

Сондай-ақ, жалған статистиканы да тоқтатуды, індеттен өлген кісі саны Президент айтқаннан бәленбай есе көп екенін айтты.

Министр, сіз әкімдер індет жайлы Президентке шын дерек бере алмай отырсыздар! Президент сіздерден шын дерек сұрап отыр! Журналистерді кінәлі еткенді біржолата доғарыңыз! Журналистерді қайта көмекке шақырыңыз! Журналист, жазушыдан өзге елге жаны шын ашитын адам көріп отырған жоқпын! Елді емдейміз деп біраз опат болған дәрігерлер рухына тағзым! Көзі тірілеріне тек алғыс! Олар бүгінгі күннің батырлары! – деп жазды жазушы, ҚР Жазушылар одағы басқарма мүшесі Құлбек Ергөбек.

Өзгелердің жаңалығы