Бас жаңалықтар
Биыл кезекте тұрған 6 мың көпбалалы отбасыға пәтер беріледі – вице-министр
08 Мамыр 2019, 11:41 508

Биыл кезекте тұрған 6 мың көпбалалы отбасыға пәтер беріледі – вице-министр

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Көпбалалы және аз қамтылған отбасыларды үймен қамту жұмыстары жалғасып жатыр. Биыл 6 мың отбасы пәтермен қамтылады. Бұл туралы ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму бірінші вице-министрі Қайырбек Өскенбаев Үкімет үйінде өткен баспасөз мәжілісінде айтты.

Вице-министрдің айтуынша, қазіргі таңда елімізде 340 мыңнан астам көпбалалы отбасы бар. Оның ішінде 31750 адам үй кезегінде тұр.

«Тапсырма беріліп жатқанда кезекте 28 123 отбасы тұрған еді. 1,5 айдың ішінде 3 мыңнан астам отбасы қосымша кезекке тұрды. 2025 жылға дейінгі қаражат толықтай бекітілді, оған 40 мыңнан астам пәтер саламыз. Биыл 6 мың жалдамалы пәтер береміз, оның жұмыстары басталып кетті», - деді ол. 

Сондай-ақ, ол 1 мамырдан бастап көпбалалы отбасыларға үйлерді тапсыру басталғанын да айтып өтті. 

«Кешегі күнге дейін 249 үй тапсырылса, кеше Өскемен мен Семей қалаларында қосымша тағы 10 пәтер берілді, сонымен жалпы 259 пәтер көпбалалы отбасыларға тапсырылды. Осы айда 1200-1300 пәтер тапсырылады деп жоспарлап отырмыз. 9 мамыр күні Батыс Қазақстанда, одан кейін Шымкентте үйлер беріледі. 15 мамырда Атырау облысында, одан кейін Алматы қаласында тапсырылады, жалпы жұмыс белгіленген кестемен атқарылып жатыр», - дейді Қайырбек Өскенбаев. 

Сонымен қатар, ол биыл берілетін 6 мың пәтерден өзге «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» арқылы тағы 6 мың пәтер тапсыру жоспарланғанын жеткізді. Ол жеке сатып аламын дейтін көпбалалы отбасыларға арналған екен. Сонымен, биыл жаплы 12 мың пәтер берілетіндігі айтылды. 

«Бұл жұмыстар бақылауға алынды. Барлығы жоспар бойынша кестемен атқарылуда. Қазір кезекте тұрған отбасылар 2025 жылға дейін толықтай үймен қамтамасыз етіледі», - деді ол.


Фото: ашық дереккөз
Загрузка...

Сізден жаңалық