Биыл Алматы кәсіпкерлерінің құқығы 9,4 млрд теңгеге қорғалған
18 Қазан 2021, 16:22 5372

Биыл Алматы кәсіпкерлерінің құқығы 9,4 млрд теңгеге қорғалған

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Алматы қаласы кәсіпкерлер палатасының директоры Айтуар Қошмамбетов есеп беру барысында мәлімдеді.

Өңірлік кәсіпкерлер палатасы қызметінде кәсіпкерлердің құқығын қорғау маңызды бағыт. Өңірлік палата басшысы өз сөзін статистикалық көрсеткіштерден бастап, оң шешілген мәселелер туралы ақпарат берді.

2021 жылдың тоғыз айы ішінде Алматы қаласы кәсіпкерлер палатасына 274 өтінім келіп түсті, соның ішінде бизнестің құқығын қорғау тізбегі бойынша 145 өтінім келді. Ондағы 110 өтінім кәсіпкерлер пайдасына шешілді, бұл 75,8%-ды құрайды, – деді палата директоры.
Қалалық кәсіпкерлер палатасы басшысының мәліметінше, жыл басынан Кәсіпкерлердің құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңестің 9 отырысы өткен. Онда 18 мәселе қаралыпты, оның 5-і оң шешіліп, 9-ы пысықталып жатыр.

Оң шешілген мәселелер қатарында «Қазақстан автокөлікшілер одағы» ЗТБ-ның өтінімі бар. Одақ жергілікті атқарушы органдардың 2021 жылғы қаңтар-наурызда әлеуметтік маңызы бар маршруттардың шығындарын өтеу бойынша субсидияларды аудару мәселесі бойынша жәрдем көрсетуді сұраған.

Палата берген ұсынымдар нәтижесінде, сондай-ақ прокуратура мен әкімдікпен бірлескен жұмыс арқылы жолаушылар тасымалы кәсіпорындарына 2021 жылдың қаңтар-наурызына әлеуметтік маңызы бар бағыттар бойынша шығындарды өтеу бойынша 9 млрд теңге субсидия аударылыпты. «Қазақстан көлікшілер одағы» ЗТБ мәселе тез шешілгені үшін Өңірлік палатаға алғыс хат жолдапты.

Алматы қаласы кәсіпкерлер палатасы жұмысының маңызды бағыты – отандық бизнеске қолдау көрсету. Осы ретте «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасын атап өту керек. Осы жылдың 9 айында бағдарлама бойынша 22,2 млрд теңге сомасына 17 жоба қаржыландырылып, мақұлданды. Салалық бөлу бойынша сүйемелдеу көрсетілген жобалар арасында өңдеу өнеркәсібі 87% көрсеткішпен көш бастап тұр, одан әрі қызмет көрсету саласы. «Бизнестің жол картасы-2025» шеңберінде 84,5 млрд теңге сомасына 1199 жоба қаржыландырылды, – деді Айтуар Қошмамбетов.
Палата басшысы жұмыстың тағы бір маңызды бағыты – отандық тауар өндірушілерге мемлекеттік сатып алуларға қатысуына көмектесу екенін атап өтті.

Жергілікті қамтуды бақылау жөніндегі комиссияның күшейтілген жұмысының нәтижесінде кәсіпорындардың өндірістік жүктемесі артқан. Мысалы, «Әл Бақара» ЖШС, «Алма-мебель» ЖШС, «Торнадо PLUS» ЖШС сынды отандық тауар өндірушілерге 400 млн теңге сомасына мектеп жиһазын жеткізуге консорциуммен келісімшарт жасалған. «Склад ОВ» ЖШС-мен 50,6 млн теңге сомасына 19 мың секция радиаторын жеткізуге келісімшарт жасалды. 2020 жылмен салыстырғанда жүктеме 30%-ға ұлғайтылды. «Алматы лифт» ЖШС 449 млн теңге сомасына 46 лифтке тапсырыс алды, жүктеме 20%-ға артты.

Нағыз халық жобасына айналған «Бастау Бизнес» бойынша биыл 2 201 адам оқуды аяқтап, соның ішінде 277 адам кәсіп бастау немесе кеңейтуге грант алған. Бұл жалпы қатысушылардың - 12 пайызы.

Бұдан бөлек Алматы қаласы кәсіпкерлер палатасы кәсіпорындар базасында оқу орталықтарын құруға көмек көрсетіпті. Бұл шара кәсіпорындар үшін маман дайындау мақсатында іске асырылып жатыр. Биылғы 9 айда «Атамекен» ҰКП Білім беру ұйымдарының тізіліміне 21 білім беру ұйымы енгізілген, бұл өткен жылмен салыстырғанда 2,7 есе көп.

Жұмыс берушілердің талаптарына сәйкес мамандарды дайындау сапасын арттыру, 2020-2021 оқу жылында дуальді оқыту инфрақұрылымын дамыту мақсатында Алматы қаласында жол картасын іске асыру шеңберінде дуальді білім беру жүйесімен 43 колледж және 289 кәсіпорын қамтылған. Осыған байланысты 4 414 үшжақты келісімшарт жасалды, – деді Айтуар Қошмамбетов.


Фото: ашық дереккөз
Загрузка...