Бас жаңалықтар
СҚО. Бір ауыл түгел дауыс беріп болды
09 Маусым 2019, 14:15 404

СҚО. Бір ауыл түгел дауыс беріп болды

Солтүстік Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Көсем сөздің хас шебері, академик-жазушы Сәбит Мұқановтың туған ауылының тұрғындары түске дейін түгел дауыс беріп үлгерді. Шағын ауыл халқы ел болашағы айқындалар саяси науқаннан ешқашан қалыс қалып көрген емес.

Солтүстік Қазақстан облысының Жамбыл ауданына қарасты Сәбит ауылы – қаймағы бұзылмаған елді мекендердің бірі. Тұрғындар саны ежелден аз болса да халқы қалаға үдере көше қойған жоқ. Ауылда негізгі мектеп, Сәбит Мұқановтың мемориалдық мұражайы мен қонақүй жұмыс істеп тұр. 

Шағын елді мекен тұрғындарының 86-ның дауыс беру құқығы бар. Жасы келіп қалған және денсаулығы сыр берген үш адам үйде таңдау жасайды. №189 сайлау учаскесінің төрайымы Сапура Манапқызының айтуынша, кез келген саяси науқан ауыл тұрғындары үшін тоймен тең.

«№189 сайлау учаскесінің төрайымы болғаныма он жылдан асты. Осы уақыт аралығында елді мекен тұрғындарының ішінде саяси науқаннан қалыс қалған адам жоқ. Әрқайсысы сайлаудың маңызын түсініп, ертерек келіп өз таңдауларын жасауға тырысады. Осы жолы да белсенділік танытты. Түске дейін бәрі дауыс беріп үлгерді», - дейді №189 сайлау учаскесінің төрайымы Сапура Манапқызы.

Биылғы президент сайлауы бұрынғы саяси науқандардан ерекше. Бұл жолы жеті бірдей кандидат додаға түсіп отыр және алғаш рет әйел адам сайлауға кандидатурасын ұсынды. Кандидаттардың бәрінің дерлік сайлауалды бағдарламаларымен танысқан Сәбит ауылының тұрғыны Нұрғожа Қаңтарбаев дұрыс таңдау жасағанына сенімді.

«Қазіргі таңда халықтың саяси сауаттылығы өте жоғары. Бұқаралық ақпарат құралдары арқылы да, интернет желісі арқылы да бәрін көріп-біліп отыр. Еліміздің тізгінін кімге сенім тапсыратынын өздері біледі. Еліміздің болашағы айқындалатын шақта дұрыс таңдау жасау өте маңызды», - дейді ауыл тұрғыны.


Фото: ашық дереккөз
Загрузка...

Сізден жаңалық