Білім беру мекемелеріндегі қауіпті заттар жойылды

16 Қараша 2019, 06:35
4443
Бөлісу:
Білім беру мекемелеріндегі қауіпті заттар жойылды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Байқоңыр қаласы прокуратурасы қадағалау аумағындағы білім беру ұйымдарында қауіпті қалдықтарды жою заңдылығының жай-күйіне талдау жүргізді.

Ведомствоның мәліметінше, талдау барысында бірқатар білім беру ұйымында құрамында сынабы бар, пайдалану мерзімі өткен, жойылуға жататын 2530 дана люминесцентті шамның біршама уақыттан бері жойылмай, заңсыз сақталып келгендігі анықталды.

Сынап пен оның қоспаларында адам ағзасында жиналуға және ағзасына зиян келтіруге қабілетті аса қауіпті уыттылығы жоғары заттар бар. Созылмалы уланудың өрбуінде сынаптың кез келген нысандарынан құралған әртүрлі бұйымдардан, оның ішінде құрамында сынабы бар шамдардан бөлініп шығатын сынап булары қауіп төндіреді.

ҚР Экологиялық кодекстің 293-бабының 2-1 бөлігіне сәйкес құрамында сынабы бар қалдықтар бөлек жиналуға және мамандандырылған кәсіпорындарға кәдеге жаратуға, қайта өңдеуге тапсырылуы тиіс.

Осыған қарамастан, білім беру ұйымдары аталған заң талаптарын басшылыққа алмай, қауіпті қалдықтарды мектеп ғимаратында заңсыз сақтаған және соның салдарынан 8 049 оқушы мен  1307 қызметкердің конституциямен кепілдік берілген құқығының бұзылуына жол берілген, - делінген хабарламада.
Талдау нәтижесімен прокурорлық ықпал ету актісі енгізіліп, нәтижесінде білім бөлімімен арнайы мекеме арасында келісімшарт жасалып, қауіпті қалдықтар жойылды.
Өзгелердің жаңалығы